Сайрам ауданы халықты жұмыспен қамтуда көш соңында қалды

546

Сайрам ауданы «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасын орындауда республикада көш соңына тұрақтады. Бұдан бөлек шағын несиелендіру жұмысы да жүйелі қолға алынбаған. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Ерлан Айтаханов Сайрам ауданына жасаған іс-сапары кезінде мәлімдеді.

010

Қазір ауданда 4 мыңға жуық азамат екі қолға бір күрек таппай отыр. Сансыз баптар елінде бүгінде жаңа жұмыс орындары аз. Мұны мамандар мемлекеттік сатып алулардың кеш ұйымдастырылумен байланыстырады. Қалай десек те аталған бағдарламаның үдесінен шыға алмаған сайрамдықтар облыс көрсеткішін төмен тартуда. Ал салаға жауаптылар бұл ретте тиісті мәліметтердің дер кезінде жаңартылмағанын алға тартады.

Сайрамдықтар бағдарламада қамтылған несиелендіру жұмысын да жүйелей алмай отыр. Айта кетейік, биыл шағын несиеге қаралған қаражат – 1 млрд 800 мың теңге. Алайда, аталған қаржы түгелдей аудан шотына аударылмапты. Сондықтан қалың қауым өздеріне тиесілі ақшаға әлі күнге қол жеткізе алмай жүр. Жалпы бұл мәселе барлық аудан, қалаларға тән. Билік өкілдері бұл мәселені егжей-тегжейлі қарап, оң шешімін табуға көмектесетіндерін жеткізді.

Көрші аудан ҰБТ көрсеткіші бойынша да көш соңында қалып отыр. Биыл 760 оқушы тест тапсырып, ауданның орташа көрсеткіші небәрі 67,1 балды құраған. Сала басшылары нашар нәтиженің себеп-салдарын анықтап, келесі сынаққа дайындықты пысықтауға уәде етті.

Облыс әкімінің орынбасары осылайша бірнеше саладағы олқылықтарды ортаға салып, жауапты басшыларға жеке-жеке тапсырма берді. Бұдан бөлек онсыз да көрсеткішімен кері тартқан жұмыссыздық одан әрі жайламас үшін еңбектен қысқару туралы мәліметтерді алдын ала анықтап отыруды жүктеді.