«Қазына» би ансамблі Елбасы қоры сыйлығының иегері атанды

369
"Қазына" би ансамблі Елбасы қоры сыйлығының иегері атанды

Шымкенттегі «Қазына» би ансамблі құрметке бөленді. Нақты айтқанда өнер ұжымы Қазақстанның тұңғыш Президенті — Елбасы қоры сыйлығының иегері атанды. Астана қаласынан марапатталып қайтқан «қазыналықтар» бүгін жергілікті тілшілермен кездесіп, жеңісті әсерімен бөлісті.

"Қазына" би ансамблі Елбасы қоры сыйлығының иегері атанды

Шәмші Қалдаяқов атындағы филармонияның қарамағында қызмет ететін топтың жетекшісі Зәуре Әжібекованың айтуынша, ел аумағында айтулы марапат би ансамбліне бұрын-соңды берілмеген.

Зәуре Әжібекова, «Қазына» би ансамбілінің жетекшісі: «Қуанышымыз қойнымызға сыймай отыр. Себебі соңғы 7 жылда Елбасы қорының мәртебелі сыйлығы тек өзге сала мамандарына ғана тағайындалушы еді, бізді таңдап, еңбегімізді елеген Нұрсұлтан Әбішұлына алғысымыз шексіз. Әрине, «Қазына» қазір төрткүл дүниеге қазақ өнерін паш етіп жүр. Жетістіктерге жетіп, Қазақстанның атын асқақтатып келеді. Өнер жолы болған соң қиындықтар да кездесетінін жасырмаймын. Бірақ, ұжым болып, жұмыла еңсеруден танған емеспіз. Сондай-ақ, бізде 10 жылдан астам уақыт бойы ансамбльде тер төгіп, ізденіп жүрген бишілер бар. Өнерпаздарымның жеңісімен марқаямын!»

Айта кетейік, «Қазына» би ансамблі — талай дүркін халықаралық өнер байқауларының жеңімпазы. 1 жылдың ішінде халықаралық «Қазақстан раушандары» фестивалінде бас жүлдені жеңіп алды, Болгарияда «Витоша» сайысының лауреаты атанды. Ал жылдың басында «Розы России — 2017» байқауында да бірінші бәйгелерді қанжығаларына байлап келді. Айта өтейік, бүгінде қызметін бастағанына 28 жыл толған ұжымда 12 кәсіби биші жұмыс жасайды.