Қытайда Оңтүстіктің мәдениет күндері өтті

456
Қытайда түскен сурет

Қазақ өнері төрткүл дүниеге дәріптеліп жатыр. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында көршілес Қытайда Оңтүстіктің мәдениет күндері ұйымдастырылған еді. Сол өнерпаздарымыз бүгін күнгейге оралды.

Аспан асты еліндегі ағайынның ақжарма тілегін тыңдап, аманатын арқалап қайтқан топ алдымен тілшілермен кездесті. Айтуларынша, көршілес Қытай халық республикасының тұрғындары үшін алдын ала арнайы бағдарлама әзірленген.

Берік Жорабеков, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары: «Біржан сал, Ақан сері мен Үкілі Ыбырайдың әндерін әншілер орындаған кезде халықтың ықыласы мен қошеметі зор болды. Жергілікті композиторлар Құралай Сәтмұхамбетова, Шәмші Қалдаяқовтың шығармаларын айтқан кезде де қаншама қандастарымыз орнынан тұрып, құрмет көрсетті. Елге деген сағынышын білдіріп, көздеріне жас алғанын байқадық.»

Қытай. 30. 12. 2016 ж

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында ұйымдастырылған мәдени шара үш күнге ұласқан. Күнгейлік өнер ұжымы күніне кемінде бір жарым сағаттық 2 бірдей концерттік бағдарламасын ұсыныпты. Мәдениет басқарасының өкілдерінің сөзіне сенсек, Шыңжаң ұйғыр автономиялы ауданы мен Санжы қаласында өткен кештерде көпшілік, әсіресе, халқымыздың төл өнері, оның ішінде «Қазына» би ансамбіліне ерекше қызығушылық танытыпты.

Зәуре Әжібекова, Қазақстанның мәдениет қайраткері, «Қазына» би ансамблінің жетекшісі: «Би ұжымының толық жасағы барады деп күтілгенімен, шетелге тек алтауына ғана баруға мүмкіндік берілді. Сондықтан біз 6 би нөмірін ұсындық. Қытайдағы қандастарымыздың өздері нақышына келтіре билейтін «Қара жорға» биін де жасқанбай биледік, тұрғындар таң-тамаша болды. Дегенмен, қос тараптың қойылымында ерекшеліктер мен өзгешеліктер кездеседі ғой. Бұл да болса үлкен тәжірибе алмасу деп білемін. Сондай-ақ, олар біздің ұжымның костюмдеріне ерекше қызығушылық танытып, өрнектерін өздеріне сызып алды.»

Күнгейлік өнерпаздардың Қытайдағы мерекесінің жоғары деңгейде өтуі үшін ондағы «Ащылы», «Моргу» мәдени орталықтары қолғабыс көрсеткен. Ал осынау мәдениет күндерінде Оңтүстіктің 15 өнерпазы жұмылдырылды.