Қазығұрттан «Кітап керуені» келді

1081

Күнгейде «Кітап керуені» акциясы жалғасып жатыр. Облысымыздың бас кітапханасы — «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасы Қазығұрт ауданынан келген кітап көшін күтіп алды. Жүздеген көркем әдебиет пен салалық оқулықтар жеткізілді. Салтанатты шараға ауданнның зиялы қауым өкілдері де арнайы шақырылып, игі бастамаға атсалысты.

Бұл жолғы әдеби жоба Қазығұрт ауданының тумасы, жазушы-драматург, қоғам қайраткері Қалаубек Тұрсынқұловтың шығармашылығына арналып отыр. Қаламгердің құрметіне орай, кітапхана төрінен еңбектері мен өміржолынан сыр шертер арнайы бұрыш ашылды.

Нағима Тұрсынқұлова, Қалаубек Тұрсынқұловтың жұбайы: «Қазіргі әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын, өте қуаныштымын. Марқұм Қалаубектің рухы разы болғанына сенімдімін. Ол кісі өмірін Қазығұрттың өрлеуіне арнады. Қайбір еңбегін алып, елеп қарасаңыз да осы киелі жердің мән-мазмұнын айтады. Деректі дүниелері де осы туған өлкесі жөнінде. Қазір мұндай деректі материалдарды жасаушы жандар да аз еді ғой. Ал Қалаубек ағаларың бар шаруасын ысырып тастап, тек осы елдің игілігі үшін жұмыс жасады. Соған марқаямын».

Айта өтетін құнды ақпарат, өңірімізде «Кітап керуені» акциясы биыл қаңтар айынан бастау алған. Облыстық «Отырар» кітапханасы басшылығының айтуынша, тың жобаның көксегені — мәдени ошақтағы кітапқорын арттыру. Бірнеше айдың ішінде дәл осы бастама арқылы мұндағы оқулықтар саны 374 мыңнан асып жығылған.

 

Күлия Айдарбекова, облыстық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры: «Осы акция аясында мыңдаған кітаппен толықтық. Аудандағы ақын-жазушылардың шығармашылығы насихаттталып, еңбектері ескеріліп жатыр. Оқырмандар да қалыс қалмай, өздері кітаптар әкеліп тапсыруда. Бұл — кітап-қазынаның молаюына сеп болып жатқанын қуана айтамын.»