Күнгейге Ордабасы ауданынан кітап «керуені» келді

841
Күнгейге Ордабасы ауданынан кітап

Күнгейде “Кітап керуені” акциясы жалғасып жатыр.  Облысымыздың бас кітапханасы – “Отырар” ғылыми-әмбебап кітапханасының мамандары бұл жолы Ордабасы ауданынан келген “Кітап көшін” күтіп алды.

Ордабасы ауданының тумасы, бүгінде жерлестерінің мақтанышына айналған ақын Ахмет Сүлеймен күнгейдің бас кітапханасына жәй келген жоқ.»Отырар» кітапханасының алтын қоржынына сүбелі үлес қосуға құлықты. Кейіпкеріміз оқырмандары үшін «Туған елге тағзым» атты авторлық кітап-кәдесін сыйлады.

Ахмет Сүлеймен

Ахмет Сүлеймен, ақын: «Жуырда ғана кітабым 1000 дана болып жарық көрді. Еңбегімді туыс-жақындарға таратып үлгердім. Тәрбиелік мәні зор өлдеңдер болғандықтан, өскелең ұрпақ оқысын деп кітапханаға да әкеліп отырмын. Қуанышпен тарту еттім! «Туған жер», «Отан-ана» деген сияқты жырларым жұртшылыққа патриоттық сезім сыйлайды деген сенім мол».

Осылайша “Отырар” ғылыми-әмбебап кітапханасы Ордабасы ауданынан келген “кітап көшін” күтіп алды. Мақсатты игі жоба аясында мәдени ошаққа жүздеген кітап-қазына жеткізілді. Ал осыдан 53 жыл бұрын қызметін бастаған аудандық кітапханалар жүйесі жасағында қазір барлығы 232 мыңға жуық оқулық бар екен.

Райхан Жәнібек, Ордабасы аудандық орталық кітапханалар жүйесінің директоры: «Тарихымызға, экономикамызға, сонымен бірге мәдениет-өнерімізге қатысты кітаптарды әкелдік. Көркем әдебиет пен ақын-жазушыларымыздың кітаптарын да жеткіздік. Бас-аяғы 200-ге жуық кітапты оқырмандардың назарына ұсынып отырмыз».

Салтанатты іс-шараға аталған ауданның зиялы қауым өкілдері мен жас қаламгерлері арнайы шақырылыпты. Белсенді топ игі бастамаға жұмыла атсалысты. Әдебиет әлемінен сыр шертер қойылымдарды ұсынды. Айта өтетін ақпарат, күнгейде “Кітап керуені” акциясы биыл қаңтар айынан бастау алған. Бірнеше айдың ішінде дәл осы жоба арқылы «Отырар» кітапханасындағы оқулықтар саны 374 мыңнан асып жығылды.