«Қазына» би ансамблі есеп беру концертін өткізді

"Қазына" би ансамблі есеп беру концертін өткізді

Әсем ән мен шебер қимылдың сабақтасқан тылсым күшін шебер жеткізіп, тәнті ете білетін талантты ұжым бұл кешке екі ай дайындалыпты. Еңбексүйгіш, төзімі темір, тұнып тұрған таланттардан жасақталған ансамбльдің аянбай тер төгіп келе жатқанына биыл — 28 жыл. 30 жылға жуық уақыт үздіктердің мінберінен түспей келетін бишілер бір сәтке де босаңсыған емес. Филармония төрінен жарқыраған мүлтіксіз қойылымдар осыны айқындап тұрғандай.

Ынтымақ жүрген жерде, ырыс бірге жүреді. Бүгінде ұжымның мерейін асырып, мәртебесін асқақтатып отырған ауызбіршілік екенін бишілер де біледі. Бір отбасындай болып кеткен өнерпаздардың әр қимылынан олардың бірлігі байқалады. Әрқайсысы бүгінгі байсалды жауапкершілікті терең түйсінеді.

Бишілер сахнада жанын салып жатқанда топтың жетекшісі Зәуре Әжібекова кеш бойы тақымын қысып отырды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері тәртіпке қатаң келгенімен, өз еңбегінің жемісі мен шәкірттерінің асқан шеберлігін көріп марқаяды.

Зәуре Әжібекова: «Біз бұл кешке ұзақ дайындалған жоқпыз. Десе де бишілер әр нөмірді керемет алып шықты. Алған әсерім керемет, толық көңілімнен шықты. Әрқайсысына қарап сүйсініп отырдым. Сондықтан шәкірттерім үкілеген ақ үмітімді ақтады деп айта аламын. Қанаттары талмасын деймін, бастысы.»

Қазына би ансамблі бірнеше дүркін халықаралық өнер байқауларының жеңімпазы. Таяуда ғана Қазақстанның тұңғыш Президенті – Елбасы қоры сыйлығының иегері атанды. Енді «Қазыналықтар» мұнымен тоқталмақ емес. Киелі өнердің пұшпағын ұстаған ұйымшыл ұжым Қазақтың атын әлемге танытсақ дейді.