Қоғамды алаңдатқан — ұлт болашағы

223
Қоғамды алаңдатқан - ұлт болашағы

Елімізде өрімдей жастар өздеріне қол салуда. Неге? Сауал көп, жауап жұтаң…

Аталған мәселе қоғамда дүркін-дүркін қозғалып, көздеу нысанасына айналғанына да көп болды. Әсіресе, ҰБТ кезінде тым көбейіп, көпшіліктің көкейіне қорқыныш ұялатса, соңғы әлетте «Синий кит» шығып, ата-аналарды үрей құшағына қамады…

Бүгін облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен «Қоғамды алаңдатқан ұлт болашағы» атты конференция болып өтті. Бұл жолғы жиын алаулатқан-жалаулатқан өзге жиындардан бөлектеу. Мектеп жасындағы балалар арасындағы суицидті болдырмауға бағытталған. Келтірген дерек пен дәйек жаға ұстатардай. Былтыр 90 бала өз-өзіне қол жұмсаған.

Сала мамандары балалардың өз-өзінен тұйықталып, мінезіндегі ауытқушылықты дер кезінде байқап, көмек қолын созу қажеттігін айтады. Бірақ көбіне «жау кеткен соң қылышыңды тасқа шаптың» кері келетіні жасырын емес. Талқы таразысына салынған тақырыпқа орай келтірілген деректер суицид деп аталатын алып айсбергтің көзге көрініп тұрған басы болуы да мүмкін ғой.

Әл Фараби аудандық прокуратурасы өткен жылы суицидка шақыратын оннан астам әлеуметтік топты бұғаттапты. Ең қорқыныштысы, сол топтарға 200 мыңнан астам оқушы тіркеліп үлгерген. Ал ата-аналарды түн ұйқысынан айырған «Синий киттің» шырмауына түспес үшін бүгінде тиісті салалар пәрменді жұмыстар атқаруда. Бүгінгі жиын да осы жұмыстың бір парасы.

Закир Юсупов, Әл Фараби аудандық прокуратурасының прокуроры: «Балалардың өз-өзіне қол салуының себептері көп. Көбіне өтпелі кезеңдегі жастағы балалар арасында жиірек кездеседі. Мектеп психологтары тек баламен ғана емес, оның ата-анасымен де жұмыс істеуі тиіс. Бала мінезіндегі ауытқушылықты байқаған жағдайда тез арада психологиялық көмек көрсетуі тиіс. Балалардың өз өзіне қол жұмсау және аутодеструктивті мінез-құлыққа қарсы шұғыл шаралар қолдануда қоғам болып жұмыла жұмыс істеуіміз қажет.»

Бүгінде еліміз көш бастап тұр. Жақсы жағынан емес, әрине. Суицид мәселесі бойынша… Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, 14 жасқа дейінгі балалар арасындағы суицид бойынша еліміз қауіпті бестікке кіреді.

Үрей туғызатын қауіпті статистика мұнымен де бітпейді. Жыл сайын еліміз бойынша 200-ден аса бала өзін өлімге қияды. Ал тағы да осыншама бала өзін өлтіруге талпынады екен. Ойлаудың өзі қорқынышты. Психологтардың айтуынша, әр суицид қоғамның назарынан тыс қалған, өзін қажетсіз сезінген жанның естілмей қалған жанайқайы.

Олай болса, ешкім де өзін аталған мәселеден тысқары қалмай, қоғам болып, мәселенің алдын алуға атсалысуы қажет. Түрлі сала мамандары аталған мәселенің түйінін тарқатып тастамаса да алдын алу жұмыстарын жандандыру үшін өз ой пікірлерін ортаға салып, ой бөлісті.

Гүлжан Көшерова