Қала ішіндегі қордаланған қоқыстардан арылмай, Шымкенттің өркендеген қалаға айналуы екіталай. Бұл — Ынтымақ шағынауданы тұрғындарының жанайқайы. Халықтың айтуынша, елдімекендегі көше бойындағы қоқыс күн сайын көбеймесе, азаятын түрі жоқ. Шағымдарына көңіл қоймаған шенеуніктерге ренжіген көпшілік біздің анамыздың тілшілерінен көмек сұрады.
Бей-берекет қоқыс орнына айналған бұл аймақтың қатты тұрмыстық қалдық жиналатын полигоннан айырмасы жоқ. Аудан әкімдігіне шағымданумен шаршаған көпшілік күн жылынса бұл жер індет ошағына айналуы әбден мүмкін деп қауіптеніп отыр. Осы аудандағы тазалыққа жауапты «ЛТД тұрмыс» мекемесінің көмек қолын созбасына көздері жеткен көпшілік қалталарынан қаражат шығарып, қордаланған қоқысты шығаруға әрекет те жасағандарын айтады.
Көпшіліктің айтуынша, мұндағы қоқыстың көпшілігі канал арқылы ағып келген. Одан қалса сол каналды тазалайтын мекеменің жұмысшылары жиналған қоқыстарды канал жиегіне тастап кетеді деп отыр. Ал Абай ауданы әкімдігінің өкілдері биылға жарияланған мемлекеттік сатып алу конкурсы енді аяқталды деп, жеңімпаз мердігер шұғыл жұмысқа кірісетінін айтып ақталды.
Нұрлан Тілеш, Абай ауданы әкімінің орынбасары: «Тендер кеше бітті. Бүгін барлық мердігерлерді жинап, тапсырма беріп жатырмыз. Қыстан қалған қоқысты тез арада тазартамыз.»
Шаһар басшысы Шымкентті Қазақстандағы ең таза қалалардың қатарына қосуға барын салып әлек. Осыған орай қалада соңғы кезде апта сайын сенбілік өткізу дәстүрге де айналды. Бірақ қала тұрғындары өздері тұратын орнына деген көзқарастарын өзгертпесе, тап осындай қоқыстан құтылу екіталай.
Нұрлан Жаңабай