Шымкент аумағындағы Қызылжар елдімекеніндегі 2700-ге жуық тұтынушы таза суға қол жеткізді. 2015 жылы басталған құрылыс жұмыстарына бюджеттен 324 млн теңгеге жуық қаражат бөлініпті. Бүгінгі таңда мердігер мекеме барлық үйге су құбырын кіргізіп, есептегіш қондырғылар орнатты. Ал Наурыз мерекесі қарсаңында таза суға қол жеткізген тұрғындар қала әкімдігі қызметкерлерінің тыңғылықты жасаған жұмыстарына алғыс айтып отыр.
Темірхан Қарабаев ақсақалдың осы Қызылжар елдімекеніне баспана салып, қоныс тепкеніне бақандай 10 жыл болыпты. Бұл отбасы осы күнге дейін құдық суын пайдаланып келген. Жер құдықты қазудың қиындығын айтпағанда ондағы су жылына екі рет тартылып, тіршілік нәрін талай тасымалдадық дейді ақсақал.
«Қала әкіміне рахмет! Өзі келіп көрді жағдайымызды, қол үшын беруге уәде етті. Енді, міне, сол сөзінде тұрып, екі көшеге су келді.»
Сала мамандарының айтуынша, Қызылжарға су тарту жұмысы бірнеше кезеңге бөліп атқарылған. Алғашында 2013 жылы басты су магистралы тартылыпты. Ал 2015 жылы әр көшеге жеке құбыр жүргізіліп, биыл тұтынушылардың үйіне кіргізу аяқталды.
Бұл жоба басында 2300 тұтынушыға арналып жасалған. Кейіннен ауылда жаңа үйлер көбейгендіктен, қосымша қаржы бөлініп, жоба жаңартылды. Нәтижесінде бүгінде 2700 отбасы тәулік бойы таза су ішуге қол жеткізді.
Бүгін көпшілікпен кездесуге «Су ресурстары маркетингі» ЖШС нің мамандары да келді. Енді мердігер мекеме қолданысқа берілген жүйенің кемшіліктерін жойып, су таратушы серіктестіктің балансына тапсыруы тиіс.
Нұрлан Жаңабай