Өгемнің суын үш ауданға бұрады

418

Қазығұрт, Сарыағаш және Мақтарал аудандарының 700 мыңнан аса тұрғынын сапалы ауыз сумен қамту өзекті мәселе болып отыр. Аталған аудандарға қарасты бірқатар елдімекен ауыз суды Өзбекстан Республикасынан келетін каналдар арқылы санитарлық талаптарға сай емес ашық су көздерінен алса, жекелеген елдімекендер минералдығы жоғары жер асты су көздерін пайдалануда.

Бұл мәселені Өгем өзенінен көлемі секундына 3-3,5 текше метрге дейін суды бұрып, ауыз су ретінде пайдалану шешімі ұсынылуда. Өгем өзенінің жалпы ұзындығы 60-68 шақырымды құрайды.

Мәліметке сәйкес, орташа ағатын судың көлемі 664,0 млн текше метр, минималды – 387,0 млн текше метр, максималды – 994,0 млн текше метрді құрап отыр. Өгем өзені Өзбекстан Республикасының Шыршық өзеніне құяды. Өзен көршілес Өзбекстан Республикасы аумағында ішінара орналасқандықтан трансшекаралық сулар қатарына жатады.

Жанәділ Айтбеков, Облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы ауыз сумен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы:

– Ең алдымен аталған жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленуі қажет. Осыған орай су ресурстары комитеті бюджеттен қаржы бөліну жолын қарастыруда. Қаржы бөлінгеннен кейін аталған құжаттар дайын болады. Сол құжаттар бойынша қанша көлемде су алатынымыз, құрылыстың құны болжам бойынша қанша болатыны белгілі болмақ. Жобаның экономикалық барлық көрсеткіштерін шығарып береді. Техникалық экономикалық негіздемесіне қарап өзімізге дұрыс нұсқасын таңдаймыз. Одан кейін жобалау сметалық құжаттарын дайындаймыз. Онда аталған жобаның нақты құны шығады. Құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін қажетті қаржы бюджетке ұсынылады. Бекітілген соң құрылыс жұмыстары басталады. Бұл өте ірі, стратегиялық маңызы зор жоба болмақ. Ең алдымен Қазығұрт ауданы, екінші кезекте Сарыағаш ауданы, одан кейін Мақтарал ауданы ауыз сумен қамтылады. Осы үш ауданды ауыз сумен қамтуға толық жетеді.

Сондықтан, «Өгем» өзенінен 3-3,5 м3/сек көлемде су алу мәселесі Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының арасында су қатынастарының барлық бағыттарындағы екіжақты ынтымақтастықты жетілдіру мәселелері бойынша екі ел өкілдерінің жуырда бірлескен жұмыс тобының отырысында келісілді.

Гүлжан ЖҰМАШ

превьюдегі фото (с) Сергей Курочкин