Ж.Шанин театрының ұжымы

27 наурыз – халықаралық театр күні. Осы орай, қазіргі таңда күнгейде қанша театр бар? Олардың қойылым-қоржынындағы спектакльдер саны қанша? Шығармашылық жасақтың құрамында кімдер бар? Cан сауалдың жауабын іздеп көрдік.

Күнгейдің бас театры – Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры. Бүгінде 83 жылдық тарихы бар «қара шаңырақтың» 500 орынға шақталған жаңа ғимаратқа жайғасқанына 2 жылдың жүзі болды. Ал театрдың қоржынында қазір 100-ден астам тарихи әрі танымдық қойылым бар.

Өнер ошағында қазір 146 адам қызмет етеді. Оның 46-сы – шығармашылық ұжым. Мұнда көркемдік жетекші әрі режиссерлік қызметті жыл басынан Асқар Алтынбеков атқарып жатыр.

Орыс драма театры

Бүгінге дейін өнер шаңырағында әлемге мәшһүр жүздеген премьералық қойылым сахналанған. Қоржынын құнды еңбектермен толтырған театрдан еліміздің талантты әртістері түлеген. Күнгейлік көрерменнің көзайымы. Иә, әңгіме 87 жылдық тарихы бар театр жөнінде. Облыстық орыс драма театрында қазір жүзден астам адам қызмет етеді. Көркемдік жетекшісі – Қазақстанның мәдениет қайраткері Игорь Вербицкий.

Облыстық әзіл-сықақ және сатира театры

Ел аумағындағы жалғыз және бірегей мәдениет ошағы – облыстық әзіл-сықақ және сатира театры. Ғимараты мен сахнасы талапқа сай келмесе де 9 жылдан бері күнгейлік көрерменге тұщымды туындыларды сыйлап келеді. Күлкіге қарқ қылып, әзілдің қазанын қайнатып жүрген ұжымда қазір 80 маман қызмет етсе, оның 37-сі – шығармашылық ұжым. Репертуарында 20 спектаклі бар ұжымның жылдық табысы 15 миллион теңгеден асып жығылған.

Өзбек драма театры. «Эдип патша» қойылымы

Сайрамдағы өзбек драма театры да 14 жылдың ішінде өз көрермендерін тауып үлгерді. Қоржынында 83 қойылымы бар ұжымда қазір 52 адам жұмыс жасайды. 30-ы – шығармашылық топ.

Қуыршақ театры

Ал кішкентай көрерменнің көз қуанышына айналған қуыршақ театры да тамырын тереңнен тартқан. Қызметін бастағанына биыл 34 жылдың жүзі болды. 150 қойылымды сахналаған. Мереке қарсаңында ұжым қол қусырып отырған жоқ. Көркемдік жетекшісі Антонина Малюченко бастаған топ жаңа премьераға қызу дайындалуда. «Аленький цветочек» ертегісі үшін ұжымның ондаған әртісі жұмылдырылыпты.

Облыстық мәденеиет басқармасы басшылығының айтуынша, қазір облысымызда бір емес, 8 театр бар. Жыл сайын өнер ошақтары әжептәуір табыс тауып жатыр.

Нұрболат Ахметжан, облыстық мәдениет басқармасының басшысы: «Театрға келушілердің қатарын арттыру үшін қазір көптеген игі бастамалар қолға алынып жатыр. Арнайы жарнама қағаздары таратылып, көпшілік орындарға ақпараттар үлестірілуде. Сондай-ақ, қазір қойылымдар тамашалау үшін ауылдағы ағайын 50 теңгеден театрға кірсе, қалада 500 теңге көлемінде. Бұл өнердің, оның ішінде театрдың қолжетімді екенінің дәлелі. Ал жыл сайынғы театрлардың миллиондаған қаржысы өздеріне, ұжымның материалдық-техникалық базасына жұмсалады.»

Сондай-ақ, Оңтүстікте жыл сайын театрлардың кәсіби шыңдалуы мен алтын қорларының аясын арттыру мақсатында дәстүрлі байқау қолға алынған. «Театр көктемі» өнер фестивалі биыл оныншы рет, сәуір айында жалғасын табады деп күтілуде. Жеңімпаз ұжымға әдіттегідей автокөлік, қаржылай сый-таралғы тапсырылады.