Этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібековтың туғанына 85 жыл толды

Киелі өлке Түркістандағы кесенелерді қалпына келтіруді дəріптеп, Тайқазанды қайтаруға үлес қосқан этнограф ғалым Өзбекəлі Жəнібековтың туғанына биыл 85 жыл толып отыр. Осыған орай Шымкенттегі салт-дəстүр орталығында қоғам қайраткерін еске алу семинары болып өтті. Аталмыш шараға Жəнібековтың туысқан қарындасы келіп, естеліктерімен бөлісті.

Ғұмырын ұлағатты ұстаздыққа арнаған Айғаным апа өзін бұл жолға баулыған ғалым ағасы екенін айтады. Кеңес кезінде Қазақтың ғасырдан бері келе жатқан әдет-ғұрпын жаңғыртып, рухани құндылықтарын сақтап қалуды көздеп, аянбай тер төккен Өзағаның қарындасы екенін мақтан тұтатынын жасырмайды. Шоқтығы биік этнограф-ғалымның ізгі жолын қумаса да, өткен жолын өшірмеу үшін игі істі бастап, этнографиялық колледж ашқан.

 

Бүгінгі семинарға жиналған оқушыларды Отырар мұражайының қызметкерлері ғалымның нар тұлғасымен, еңбектерімен таныстырды. Сондай-ақ, мұнда қайраткердің сүбелі ғұмырынан сыр шертетін көрме ұйымдастырылған.

Кие қонған кесенелер, қасиетті қазанмен қатар ұлыстың ұлы күнін ұлықтап, ұлы мереке екенін көпке ұғындыра білген ұлтжанды қайраткердің елге сіңірген еңбегі – ұшан-теңіз. Айта кетейік, осынау еске алу кешінің ізін ала салт-дәстүр орталығында «Дәстүрдің дара діңгегіне» арналған бұрыш ашылмақ.

Қоғам және мемлекеттік қайраткердің дара жолы, қыруар еңбегін ел ұмытпақ емес. Керісінше, жылдар ағымымен биік рухы асқақтала бермек.