Оңалту орталықтарын өкпе құрты жайлады

490

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты №4 оңалту орталығынан шыққан шу бұл ғана емес. Өткен жылдың жазында күтім жасамайтындықтан емделушілердің жай-күйінің мүшкіл екендігін айтып шағымданғандар болған. Бұл жолы сұмдық жағдай орын алды. Онда емделіп жатқан 500-ге жуық науқастың 65-нен туберкулез дерті табылса, 30-ы аурудың ашық түріне шалдыққан. Ал, үшеуі көз жұмған. Науқастардың өкпе құртымен ауыратындығын дәрігерлер жоспарға сай тексеріс кезінде кездейсоқ білген. Алдымен жетеуінен табылып, тексере келе олардың саны алпыстан асты. Облыстық прокуотура туберкулезбен ауырғандар саны 67-ге жеткенін хабарлады.

Облыста психоневрологиялық ауытқулары бар мұндай оңалту орталықтарының саны жиырмадан асады. Қазіргі таңда бұл мекемеде жұмыс жасайтын және емделушілер жаппай тексерілуден өтуде. Сондықтан, дертке шалдыққандар саны әлі де өсуі мүмкін.

Оңалту орталықтары қайда қарайды?

Түркістанда орын алған жайттан кейін еліміздің бас санитары Жандарбек Бекшин Оңтүстікке келіп, мән-жайды анықтауға өзі кірісті. Арнайы құрылған комиссия пациенттердің флюрографиялық тексерумен толық қамтылмағаны, туберкулезді анықтау және емдеу алгоритмдері, дезинфекциялау тәртібі сақталмағанын анықтаған. Ж. Бекшин қазір аурулармен қарым-қатынаста болғандардың барлығы бақылауда екендігін атап өтті.

Ал, мұндай жауапсыздыққа барған Түркістан қалалық емханасы, Түркістан қалалық туберкулезге қарсы диспансердің, №4 оңалту орталығының бас дәрігерлері мен осы мекеменің үш дәрігері қызметтерінен босатылды. Бұл жағдайдан кейін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әулеметтік бағдарламалар басқармасына қарасты 22 мекемедегі емделушілерді тексеруден өткізу жұмыстары басталып кетті. Алғашқы тексерудің өзі жақсы нәтиже көрсетпеді. Төлеби ауданындағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы 7 науқастың өкпе құрты дертін жұқтырғаны анықталды. Айта кетерлігі, елімізде жүйке жүйесіне шалдыққандарды оңалту орталықтары денсаулық сақтау саласына қарамайды. Ондағы ақ халаттылардың жұмысын жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы реттейді.

– Жабық мекемелердегі ақ халаттылардың жұмысын тексеру біздің құзырымызға жатпайды. Яғни, оңалту орталығындағы дәрігерлердің біліктілігін көтеру, бақылауға алу секілді жұмыстармен айналыспаймыз. Тек жылына бір рет профилактикалық тексеруден өткізу ғана міндетімізге кіреді, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұхан Егізбаев.

Мұхан ЕГІЗБАЕВ, ОҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
– Оңалту орталықтарындағы дәрігерлердің қызметі өзге басқармаға қарайды. Сондықтан, денсаулық сақтау министрлігіне хат жазып, біздің ведмостваға өткізу мәселесін қарастыруды сұрадық. Мүмкін сол кезде мұндай мәселенің алдын алуға болатын шығар.

Оның айтуынша, Түркістандағы ақыл-есі кем жандарды емдейтін орталықта 12 дәрігер қызмет еткен. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен өткен селекторлық мәжілісте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның мәселесі майшаммен қаралып, қатаң сөгіс алды.

– «Тексеру нәтижесінің қортындысына сәйкес тағы да шара қолданатын боламыз», -деді Ж. Түймебаев.

Бір науқас туберкулезді 10-15 адамға жұқтырады

Туберкулездің ашық және жабық түрі болады. Ашық түрінде қақырықта туберкулез таяқшалары жүреді. Сондықтан туберкулездің осы түрімен ауыратындар айналасына өте қауіпті. Ал, жабық түріндегі науқастар ауру жұқтырмайды. Олар да дер кезінде ем алмаса, ауру асқынады. Бұдан айналасындағы адамдарға жұқтырады. Кеселге шалдыққан науқастардың 22%-ын сүйек, бүйрек, несеп жолдары, өкпе айналасындағы өзге мүшелердің туберкулезімен ауырғандар құрайды. Бұлардың өзі ауру жұқтырады. Ал, науқастардың 78%-ы өкпе туберкулезіне шалдыққандар екен.
Бұл деректі газетіміздің №13 (30 наурыз 2016 жылғы) санында облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері Болат Сағымбеков келтірген болатын. Туберкулездің ашық түрімен ауыратын науқас жылына тығыз қарым-қатынаста болған 10-15 адамға кеселін жұқтырып үлгереді. Мұндай мәліметті ДДСҰ келтіріп отыр.

Туберкулезге қарсы екпеден бас тартты

Өкпе құртының алдын алудың бір жолы – екпе жасау. Туберкулезге қарсы екпе бала туылғанда төртінші күні егіледі. Одан кейінгі манту сынамасы 6-7 жаста қайта салынады. Өткен жылдың 9 айында 31 баладан (2015 жылы – 42), 38 жасөспірімнен (2015 – жылы 40) туберкулез дерті табылған. Бір айта кетерлігі, 257 ата-ана балаларына туберкулезге қарсы екпе салдырудан бас тартқан. 24 наурыз – туберкулезге қарсы күрес күні. Биылғы шара ыуақытынан бұрын басталды. Айлық барысында мектеп, жоғары оқу орындарында насихаттық жұмыстар жүреді. Аудан-ауылдарға жылжымалы флюорографиялық қондырғылар жөнелтіліп, тұрғындар тегін тексерілуден өтуіне мүмкіндік алады.

Туберкулез дертінен ешкім сақтандырылмаған. Онымен жұмыссыз, лауазымды қызметкер, оқушы-студент, балалар да ауыруы мүмкін. Сақтанудың жолы – жыл сайын флюорографиядан өтіп, аурудың бар-жоғын анықтау.

Айгүл Керімбайқызы