Оңтүстікте 5 жылда жасөспірімдерге қатысты 2000 іс қаралған

267
Оңтүстікте 5 жылда жасөспірімдерге қатысты 2000 іс қаралған

Оңтүстікте соңғы бес жылда кәмелетке толмағандарға қатысты екі мыңнан астам қылмыстық іс қаралған. Оның төрттен біріне сот үкімі шығарылса, 15-20 пайызы ақталған. Бір өкініштісі — кәмелетке толмағандарға қатысты қатарында педофилия және террористік қылмыстар да бар.

Өткен жылы облысымызда террористік сипаттағы қылмыс жасағаны үшін 16 жасар екі жасөспірім сотталыпты. Олардың бірі — Қазығұрт ауданынан шыққан ер бала болса, екіншісі Шымкенттік оқушы қыз. Белгілі болғандай, екеуі де әлеуметтік желілер арқылы Сирияға аттануға, жиһад жасауға шақырған. Өздеріне келген экстремистік сипаттағы хат-хабарларды басқаларға таратқан. Осы әрекеті үшін бозбала 6 жылға, ал жеткіншек қыз 5 жылға бас бостандығынан айырылып, жасөспірімдер колониясына жіберілді. Қазығұрттық ер баланың әкесі де террористік қылмыс жасағаны үшін істі болған екен.

Серікбай Төлепбергенов, ОҚО кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы: «Қазіргі таңда заң террористік қылмыстарға өте қатал. Шартты түрде жаза тағайындалу, жаза мерзімін қысқарту дегенге қарамай, жасөспірім болса да ондай қылмыстарға қатаң жаза тағайындалады.»

Бір жылда 8 педофилге үкім шыққан

Соңғы 5 жылда педофилияға қатысты 17 іс қаралыпты. Мұндай істердің саны жылдан жылға көбейіп келеді. 2012 жылы облыста осындай сипаттағы бір де бір қылмыс тіркелмесе, 2016 жылы педофилия бойынша 8 іс қаралып, үкім шыққан. Мамандар мұны менталитетпен де байланыстырады.

Серікбай Төлепбергенов, ОҚО кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы: «Көбінесе қылмысқа біздің менталитетімізге байланысты көз жұмылып жататын еді. Қазіргі таңда оған қатаң қадағалау жасалынып жатыр. Жұртшылықтың дені оқиға болса да ішкі істер органына, тиісті орындарға хабарламайды. Сол бойы қалып кете береді.»

Жасөспірімге жыныстық зорлық қылмыстарының көбеюіне байланысты Қазақстанда педофилдерді химиялық піштіру туралы заң қабылданды. 2018 жылдан бастап күшіне енетін заңға қатысты оңтүстіктің бас педагогі өз пікірін де білдірді.

Ержан Бурханов, облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы: «Менің жеке пікірім, химиялық піштіруді жүзеге асыруға болады. Батыс елдерінде химиялық піштіру қолданылады. Бізде де ендіруге болады. Бірақ, мұны енді парламент шешеді.»

Айта кетейік, кәмелетке толмағандарға қатысты қылмысты істердің тіркелуі жөнінен Шымкент, Түркістан қалалары мен Сайрам аудандары көш бастап тұр.

Жәнібек Нұрыш