Оңтүстікте облыстық жергілікті полиция қызметінің жаңа басшысы тағайындалды. Жаңа басшымен облыс мәслихатының кезекті 11-сессиясында танысқан депутаттар алдағы үш жылға арналған облыс бюджетін нақтылады. Сонымен қатар сессияда 42 мың халқы бар Арыс қаласының бас жоспары қаралып, 5 мың гектар аумағы тағы 900 гектарға ұлғайды.
Мақтаарал ауданындағы №25 округте жеңіске жеткен Омаров Нұрлан мен Сайрам ауданындағы №31 округтен сайланып, облыс мәслихаты депутатының төс белгісі мен куәлігін салтанатты түрде алған Төлендиев Бекасыл бұл сессияны ұмытпасы анық.
Су жаңа әріптестерін құттықтаған соң депутаттар облыс бюджетін талқылауға кірісті. Түрлі салаға бөлінетін қаржыны нақтылау тұрақты комиссияларда жан жақты қаралғандықтан, биылғы көлемі 508 млрд теңгеге жеткен, 3 жылға арналған облыс бюджеті бірауыздан бекітілді. Тағы бір айта кетерлігі, осы сессияда облыстық жергілікті полиция қызметінің жаңа бастығы тағайындалды.
Былтыр құрылған жаңа құрылымның жұмысына қатысты сын көп болғаны да баршаға мәлім. Депутаттар халықтың мұңына баса көңіл бөлу қажеттігін жаңа басшыға қадап айтты.
Дулат Әбіш: «Мал ұрлығы өршіп тұр, халыққа қызмет жасау керек. Әйтпесе МАИ-де, барлық жерде алты айдан жұмыс істепсіз. Қызметіңізді жоғары деңгейде орындаңыз.»
Ал Шымкенттегі көшелерге атау беру мәселесі тұрақты комиссияда жіті қаралған деп, осы сессияның қарауына ұсынылған болатын. Алайда құжаттың шикілігі бастапқыда-ақ байқалды. Жауаптылар депутаттардың сұрақтарына толық жауап бере алмай, әлекке түсті. Қызу талқыға түскен мәселе бойынша депутаттар есімдері ұсынылған азаматтардың өміржолы толық зерттеліп, аты көшеге әділ қойылуы тиіс деп қосты.
Өмірзақ Мелдеханов: «Соғысқа қатысқан деп, көше атауын бере береміз бе? Тұтқында болды ма, кімнің әкесі ол?»
Шәріпбек Жамалбек: «Біз соғыс ардагерлеріне қарыздармыз, сондықтан бұл мәселеде абай болайық»
Нұрмахан Жолдасбеков: «Бұл мәселені екі адам емес, талапқа сәйкес шешу керек.»
Сессияның жұмысын жүргізген төрағаға да әріптестері ескертпе жасады. Алдағы уақытта күн тәртібіне енгізілген мәселе бойынша мәлімдеме жасауға тұрақты комиссиялардың төрағаларына тең құқық берілетін болды. Және жарыссөз де рұқсат етілген кезде ғана өрбиді деп шешілді.
Марапат қағаздары қазір той-думанда емес, сессияда да салтанатты түрде табыс етіледі. Облыстың әлеуметтік-экномикалық, қоғамдық дамуына қосқан үлесі үшін және мерейтойларға орай бүгін облыстық мәслихаттың грамотасымен еңбек ардагері Шахарбек Усманов және облыстық аумақтың сайлау комиссиясының төрағасы марапатталды. Ал Оңтүстік Қазақстан облысының «Құрмет» грамотасымен Созақ аудандық ауруханасының бас дәрігері Райымбек Жақсыбергенов, облыстық соттар әкімшілігінің басшысы Орынбасар Лештаев және облыс сотының төрағасы Нұрсерік Шәріпов марапатталды.