Резеңке «Газельдер», «консервіленетін» жолаушы

504

Шымкент қаласы әкімдігінің қызметкерлері жолаушы тасымалымен айналысатын компания өкілдерімен кездесіп, билет тексерушілердің аялдамаларды айқайлап хабарлауына тыйым салды. Себебі, қоғамдық көліктердің техникалық жағдайына бөлек, мәдениетсіздігі тұрғындарды мезі етіпті. Осыдан кейін, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, жергілікті полиция қызметкерлерімен бірігіп, жүргізуші және кондукторлармен кездесу өткізді.

«Автобус жарысты жүргізушілер өздері жасап отыр»

Жолаушылардың қатынасын реттейтін бөлім жолаушы тасымалының сын көтермейтінін мойындайды.

«Көлік компанияларының қауіпсіздікке жауапты инженерлермен кездесіп, заң бұзушылықтармен қатар тұрғындардан келіп түскен арыз-шағымдарды қарағанымен нәтиже жақсы жаққа қарай өзгерер емес», — деді жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Жарқын Байдуллаев. Ол автобустардың техникалық жағдайының да нашар екенін атап өтті. Жыртылған орындықты реттеп, сынған терезелерді қалпына келтіру қажеттігін ескертті. Арнайы форманы тек тексеру-рейдтік шарасы кезінде киюді доғаруды да талап етті.

Екінші мәселе, автобустардың жолаушыға таласып, жол үстінде бір-бірімен жарысуы.
– Диспетчерде автобустардың барлық графиктерін көріп шықтық. Графикке сәйкес автобустар бір уақытта бірнешеуі аялдамаға қатар келмейді. Мұндағы проб-лема не? Оны өздеріңіз жасап алғансыздар. Ол — секундомерлер. Оларға ақша беріп, уақытты біліп отырасыздар. Секундомер теріс бағыт беріп, уақытты айтады. Сосын қуып жетуге әрекет жасайсыздар. Бір-бірімен жарысу осыдан туындайды, – дейді Ж. Байдуллаев (суретте).

Енді мұның шешілу түйіндері қарастырылып жатыр. Аялдаманың екі жағынан 20 метрден қалдырып, арнайы сызықтар сызылады. Сол шектелген аймаққа ғана автобустар тоқтауы қажет. Сондай-ақ, екінші бағытқа тоқтағандарға айыппұлдар салынады. Бұлар жол полиция қызметкерлерінің назарында болмақ.

Ал, басқосуға келген жүргізушілер мен билет тексерушілердің айтар өз уәждері бар. Кондукторлар көп жолаушы мінгізу үшін барар жерін «айқайлап» хабарлауға мәжбүр екендерін, ал жүргізушілер шұрқ тесілген жолдардағы шұңқырға түспес үшін, екінші жолға тоқтайтындарын айтты. Олардың сөзінше, жол полициясы кептелісті реттесе, жарыспауға болады.

Шымкент қалалық транспорт және автомобиль жолдары бөлімі басшысы Қуатжан Жұматаев жиынға жүргізушілер мен билет тексерушілерді әдейі шақырғанын айтты.

Көлік компаниялары басшыларына хат жазып, жеткізгенімен, нақты түсіндіріп айту кемшін болуы мүмкін екендігін атап өтті. Енді 1-наурызға дейін оларға уақыт берілді. Содан кейін тәртіпке бағынбағандарға айыппұл салады не жұмыстан қуылады.

«Газельдерді» қашан алып тастайды»?

Қалада күніне қоғамдық көлікпен 440 мың жолаушы тасымалданады. 28 компанияның меншігіндегі 1180 автобус түрлі бағытқа қатынайды.

Қоғамдық көлік қызметінің сапасына көңілі толмайтындардың бірі — Еркін Керімбайұлы. Ол «Газель» автокөліктерін қоғамдық көлік тасымалынан алып тастау керектігін айтады.

«Газель автокөлігі техникалық стандарттарға сәйкес жолаушыларды тек қана отыратын күйінде тасымалдауға арналған. Бізде, салонын жолаушыға лықа толтырып, есік-терезесінен шығарып мінгізеді. Екіншіден, менің пайымдауымша, олардың қозғалыс кестелері арнайы белгіленбеген секілді. Қалаған уақытында бағытқа кіріп, қалаған кезінде шығып кете береді. Ал, аялдамаларда бағытын күткен жолаушы қаншама? Тәртіпке келтіретін жол-патрульдік полициялардың белсенділігін байқамайсың. Жақында ғана жаңалықтардан №77 бағыттағы «маршрутканың» Ж. Аймауытов көшесі бойын-да қатты жылдамдықпен келе жатып, сауда мекемесінің бұрышын соғып, қиратқанын көрдік. Соққыдан терезесі сынып, ішіндегі бір жолаушы сыртқа ұшып кеткен. Жолаушының сыртқа терезеден шығуы «космический» жылдамдықтан ғана болуы мүмкін. Осындай жол-көлік оқиғасын жасаған жүргізушіні жолаушы тасымалдау құқығынан біржола айыру керек. Және де «Газельдердің» соның ішінде, 112 орамға қатынайтын №109 бағыттағы «Газельдерді» жолаушыларға ыңғайлы автобустармен алмас-тырылса деген тұрғындардың өтініші бар» деген тұрғынның ұсынысын тиісті бөлімге жеткіздік.

Жылдамдықты 10-20 км/сағ арттыру — 22 690 тг
Жылдамдықты 20-40 км/сағ арттыру — 34 035 тг
Жылдамдықты 40 км/сағ арттыру — 68 070 тг
Қиылыстарды, жүргінші жолақтарын, жол өткелдерінен өту, Бағдаршамның қызыл жанғанына тоқтамау — 22 690 тг

Көлік кептелісі кезінде жаяу жүргінші жолағына түсу, қиылысқа тұру — 22 690 тг
Жаяу жүргіншіге жол бермеу — 22 690 тг
Қиылыстан өтерде басым құқығы бар көлікке жол бермеу — 34 035 тг
Қарсы бағытқа шығу —  1 жылға жүргізуші куәлігінен айыру

Көлік құралындағы ластану деңгейі немесе дауысы бекітілген нормадан асып кетуі — 4 538 тг
Телефонмен сөйлесу — 11 345 тг
Жол бойында апатты жағдай туғызған жүргізушілер — 22 690 тг

Шымкент қалалық транспорт және автомобиль жолдары бөлімінің басшылығы «Газель» автокөліктерінің жолаушы тасымалдауына заңмен тыйым салынбағанын алға тартты. Тек 15 жолаушыдан аспауы керек екен.

Баға өсті, сапа жақсармады…

Көлік компаниялары «жолақыны 50 тг-ден 70 тг-ге көтерсек, сапаны жақсартамыз» деп уәде еткенді.

2015-2016 жылдары қала аумағына жолаушы тасымалдаушы 230 жаңа автобус жеткізілгенімен құр темірін сүйретіп жүрген автобустар, «Газельдер» әлі де жетерлік.

Бұл мәселені шешуде қала әкімдігі әлеуметтік бағытта автобустар жүретінін айтқан. 150 автобус халық енді қоныстанып жатқан аудандарға қызмет көрсетеді. Қала әкімідігі мен «Шымкент Bus» ЖШС өзара серіктестік аясында муниципальді автопарк қызметін құрған.

Дархан ҚАЮПОВ, Облыстық жолаушылар көлігі қауымдастығының төрағасы:
– Қоғамдық көліктерге бөлінетін субсидия мәселесі шешіледі. Мұның жергілікті әкімдікте ақшаның бар-жоқтығына қатысы жоқ.. Тек құжаттарды дұрыстап тапсыру қажет. Екіншіден, Семейде автобус зауыты жұмыс істейді. Қазір Үкіметте несиеге қоғамдық көлік алу бойынша 4 пайыздық несие беруде үлкен жоба жасалып жатыр. 9,11,13 метрлік автобустар және газельдер өтініш берсе, зауыт бірлесе жұмыс істеуге дайын.

10 бағыт бойынша жүретін автобустарға кететін шығынның 50 пайызын мемлекет төлейді. Облыстық мәслихат қарауына ұсынылатын сызбаларды бекіту мақұлданса, келесі жартыжылдықта қызмет көрсетеді-міс.

Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ