Шымкенттің депутаттары қалалық жергілікті полицияның жұмысын өткір сынға алды. Қалалық мәслихаттағы тұрақты комиссияның отырысы өткен болатын. Соған жиналған халық қалаулылары жергілікті полиция басқармасы мен төрт аудан бойынша тәртіп сақшыларының есептерін тыңдады. Тыңдап қана қоймай, өз сындарын да білдірді.
Аудандық полиция бөлімінің басшылары бұған дейін айтылған сыннан нәтиже шығармаған. Учаскелік полиция инспекторлары халықпен кездесу өткізіп, оған депутаттар қатысу қажет деген хаттамалық тапсырмаға да тәртіп сақшылары немқұрайлы қарапты.
Нұрғазы Бұхарбаев: «Қанша кездесу өткіздіңіздер? Оған қай депутаттарды шақырдыңыздар, айта аласыздар ма?»
Ерғали Кенжебаев, Әл Фараби аудандық жергілікті полиция бөліміның басшысы: «Әрине, қателік жібердік. Алдағы уақытта кемшілікті жоямыз».
Кезегімен мінбеге көтерілген полицейлердің бәрінің айтары осы жауап. Баяндамаларындағы цифрларды салыстырумен әлек. Қағаз бетіндегі сандарды өзгерту полицейлерге деген халықтың сенімін өсірмесі анық.
Нұрлан Бекназаров: «Менің түсінігім бойынша осы жергілікті полиция басшылары өз міндеттерін жақсы білмейді, ережені оқымаған секілді».
Төрт аудан бойынша ең төменгі көрсеткіш — Қаратау ауданында. Аудан аумағының ауқымды екенін депутаттар жақсы түсінеді, сол себепті бұған дейін аудандық полиция бөлімі басшысының есебін ескертумен қабылдаған. Ендігі жерде тиісті ұсыныстарды қала әкіміне жолдаймыз деп тарасты.
Нұрлан Жаңабай