Шымкент әкімі қыз-келіншектерді құттықтады

Бүгін Шымкенттегі қыз-келіншектер құттықтау қабылдады. Осылайша шенеуніктер де қыз-келіншектерге құрмет көрсетуден шет қалмағандарын көрсетті. Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қоғамның түрлі саласында қызмет етіп жүрген нәзік жандыларды құттықтады. Бұл күні шаһардың шырайын келтіріп, оның өркендеп дамуында үлесі бар көріктілер алғысқа бөленді.

Әуелеген ән мен құшақ-құшақ гүл шоқтары, ізгі тілектер мен ақтарылған алғыстың барлығы әйелдерге арналады. Ішкі істер органы, білім бері, денсаулық пен кәсіпкерлік сияқты қоғамның түрлі саласында бөріктілермен бірдей қызмет етіп жүрген көріктілердің еңбегі елеулі дейді билік өкілдері.

Осыдан оншақты жыл бұрын өз ісін ашып, кәсібін дөңгелетіп отырған Алма Архабаеваның бүгінде әріптестеріне қамқорлық танытып жүрген жайы бар. Өңірде іскер әйелдер кеңесінің төрайымы бұл күні өзі де мерекелік сый-сыяпаттан сырт қалмады.

Шымкент әкімі қыз-келіншектерді құттықтады

Алма Архабаева, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы аймақтық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы: «К.Цеткин әпкеміз 365 күннің ішінен осынау күнді бізге белгілеп берді. Бұл күн – біздікі. Ер-азаматтардан алғыс алып жатырмыз. Рахмет!»

Осылайша ән қанатында қалықтаған аяулы жандарды шаһар басшысы арнайы құттықтап, жүрек жарды лебізін білдірді.

Ғабидолла Әбдірахымов, Шымкент қаласының әкімі: «Кішкентайдан анамызды қуантуға асығамыз, кейін әпке-қарындастарымызды қорғаймыз, үйленгеннен кейін әйелдерімізге бар жақсыны жасағымыз келеді. Бар жақсылық сіздер үшін, құрметті аналар!»

Шымкент әкімі қыз-келіншектерді құттықтады

Көріктілердің ешбірін елеусіз қалдырғысы келмеген жергілікті билік өкілдері бұл күні залдағы ақ жаулықты аналар мен барлық қыз-келіншекке гүл шоқтарын сыйлады. Осылайша көктем мерекесіне арналған салтанатты шара келгендерге шат көңіл сыйлады.

Мақпал Рысбаева