Күнгейде әз Наурызды қарсы алу басталып кетті. 15 наурыз күні ел арасында ұмыт қалып, жыл бұрын жаңғырған мереке жалғасын тапты. «Сейіл — Қошқарата» деп аталатын көктемнің торқалы тойында жерлестеріміз сейіл құрып, әдеттегідей, кіл мықты мен күш атасын еңсерген ерлер анықталды. Фестиваль аясында көрме ұйымдастырылып, асыл тұқымды қошқарлар мен қойлар да таныстырылды.
Қошқар ата сейілі көктем мерекесі биыл күнгейде екінші рет қолға алынып отыр. Жерлестеріміз айтулы мейрамды тойлау үшін қаламыздағы киелі өзеннің жағалауына жиналды.
Дүбірлі той халқымыздың дәстүрін дәріптейтін әз Наурыз мерекесінің бір бөлігі. Дегенмен, бұл тойдың жөні бөлек деген ұйымдастырушылар фестивальде асыл тұқымды қой-қошқарлар ерекше таныстырылғанын айтады. Көрмеге өңіріміздегі 13 шаруа қожалық қатысқанымен, қошқардың 3 түрі ғана көпшілік назарына ұсынылыпты. Әсіресе, рухани астанамыз Түркістанда бордақыланған қойларды қаумалағандар көп. Түлікті күтіп баптап, асыл тұқымды уақ малды асырап отырған иелері мұның құпиясын жасырған жоқ.
Мақсат Тәліпхан, шаруа қожалығының өкілі: «Бұл қойлардың ерекшелігі — еттері дәмді, жұмсақ болады. Сондықтан оны сатып алушылар көп.»
Мерекенің көркі — салмағы 60 келіден астам қошқарды көтерген палуандар сайысы. Білектің күш-қауқарын еңсерген жауырыны қақпақтай ерлер жиналған дүйімді таңқалдырды. Бұл жолы минут пен мезеттің ішінде мойнына салған қошқарды сан рет көтеріп, қарсыластарын сан соқтырған Акбар Елубайұлына тең келер жан табылмады. Созақтың серісі қошқарды иығына 70 рет көтеріп, бас бәйгені жеңіп алды.
Акбар Елубайұлы, жеңімпаз: «Қошқар әжептәуір ауыр екен. Аяқтарым да ауырып қалды. Бірақ, берілмеу керек деген оймен жеңдім.»
Көктем мерекесі аясында ұлттық ойынның өзге де түрлерінен жарыстар өрбіді. Боз кілемде белдескендер қазақша күрестің жеңімпазын анықтады. Тоғыз құмалақ, кір тасын көтерушілер де өзара мықтыларды мойындатты. Сондай-ақ, мейрамға құрмет-махаббатын білектің күшімен емес, он саусақтың құдыретімен жеткізуге асыққандар да бар. Қылқалам шеберлері мезгіл мен мерекенің сұлулығын суреттеріне сыйдырды. Ал өлкетанушы Кеңес Исмайлов мерекенің осылай құрмет-мәртебеге ие болуы заңды дейді. Айтуынша, Сейіл — Қошқар ата көктем мерекесі немесе асыл тұқымды қошқар мейрамының тарихы тереңде жатыр.
Қаланың қақ ортасынан құлай аққан киелі өзен Қошқар атаның аумағында тойланатын мейрам осылайша араға ғасыр салып қайта жаңғырды. Және бұл мереке тек Шымкентке ғана тән.