Электр үнемдегіш киіз үй мен сырқатты анықтайтын диагностикалық қолғап, бұлттан су және тегін электр көзін өндіретін құрылғы. Еліміздің түкпір-түкпірінде білім алатын жас өнертапқыштар Шымкент қаласында бас қосты. Физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде өткен VII Наурыз кездесулерінде 160 оқушы инновациялық жобаларын таныстырып, шетелдік және отандық ғалымдардың дәрістерін тыңдады.
Қазақша сайрап, қара жорға билеген құлтемір — жиналғандарды таңқалдырған бірегей жоба. Наурыз кездесулерінің ашылуында оқушылар дайындаған тосын сый бұл ғана емес. Нағыз зертханалық тәжірибе алаңына айналған ғылыми жаңалыққа толы шара осымен 7-рет дәстүрлі түрде ұйымдастырылды. Ғылымның шексіз мүмкіндіктерін көрсететін жиыннің негізгі тақырыбы — ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесы.
Күләш Шәмшидинова, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББУ және басқармасының төрайымы: «Наурыз кездесулерінің ең негізгі мақсаты балалар арасында ғылымды насихаттау, болашақта жаңа технологиямен, инновациямен жұмыс жасауға тарту болып табылады. Негізгі тақырып — STEAM. Бұл дегеніміз — балалардың химия, физика, информатика пәндері бойынша алған білімдерін жинақтай отырып, оны жаңа технологияларға алып келу. Яғни баланың алған білімін, өмірде,өндірісте, тәжірибеде пайдалана білу. Балалар ғылыми жоба жұмыстарын өздері таңдайды. Шектеу қоймаймыз. Өйткені бала өзіне ұнайтын дүниемен айналысу керек. Биылғы жобалар ЭКСПО-ға байланысты. Сондықтан баламалы қуат көздеріне, биотехнологияға қатысты. Мысалы сабын алу, иіс су алу, өсімдіктерден эфир майларын алу, су тақырыбына байланысты жұмыстар да бар. Кей жобалар теория жүзінде қалып қоюы мүмкін. Бірақ ол да балаларды дамытады. Бұл жерде тек ғана ғалымдармен кездесу болмайды.Сонымен қатар оқушылар өз жобаларын ұсынады. Ал Оңтүстіктегі жалпы білім беретін мектеп оқушыларына арналған бөлек бағдарлама бар. Ұстаздарына көбіне, методикалық, технологиялық жағынан айтамыз, тәжірибемен бөлісеміз».
Екі күнге созылған кездесуде оқушылар тың туындыларын таныстырды. Олардың қатарында баламалы қуат көздері, физика, технология және медицина салалары бойынша құлтемірлер құрастыру, мобильді қосымшалар мен «Смарт киіз үй» мен «Ақылды тақия» сынды түрлі жобалар бар.
Сонымен қатар Бәйдібек, Арыс, Кентау, Мақтаарал, Созақ, Төле би аудандары мен Шымкент қаласынан жиналған оқушылар екі күн бойы түрлі шеберлік сабақтарға қатысып, шетелдік және отандық ғалымдар жасаған ғылыми тәжірибелерге куә болды. Зертханалық жұмыстардың барысын бақылауға мүмкіндік алды.
Ал болашақ ғалымдарды ғылым әлеміне біртабан жақындата түскен ауқымды шараның қазылар алқасы үздік жобаларын анықтады. Сонымен, Орал, Атырау, Қарағанды мен Өскемен қалаларынан келген зияткерлік мектептердің 4 оқушысы бірінші орынды жеңіп алды. Барлық қатысушылар арнайы марапатқа ие болып, жүлдегерлерге сертификаттар табысталды.