Шымкенттегі Байтұрсынов көшесі кеңейтілмейді

Шымкенттегі Байтұрсынов көшесі биыл кеңейтілмейді. Бұл жөнінде қалалық әкімдіктің кезекті мәжілісінде айтылды.

Күн тәртібіне сәйкес облыс орталығын абаттандыру, көркейту мәселелері талқыланды. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов төрағалық еткен жиынға жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары, мердігер мекеме өкілдері қатысты.

Қала әкімдігінің мұндай шешімге келуіне жергілікті тұрғындардың жасыл желектердің тағдырына алаңдаушылық білдіріп, көпжылдық ағаштарды өз орнында қалдыру жөнінде білдірген көзқарасы мен ұсынысы себеп болған.

– Азаматтардың тілек-талабын ескере отырып, Ахмет Байтұрсынов көшесін кеңейту жөніндегі шешімді қайта өзгерткелі отырмыз, – деді Ғабидолла Рахматоллаұлы. – Дегенмен, жол толығымен қайта құрылымдаудан өтеді. Аяқжолдар жаңартылып, велосипед жолы, оң жақ бұрылыс өткелдері салынады. Мұндай жұмыстар Адырбеков көшесіне де жүргізіледі. Қазір әлемдік тәжірибеде қалыптасқан үрдіс бойынша тұрғындар көбіне-көп велосипед қызметін пайдалануға ұмтылуда. Көлік кептелісін болдырмау үшін біз ағаштарды кесуге қақымыз жоқ.

Еске сала кетейік, биыл жол-көлік кептелісінің алдын алу мақсатында Байтұрсынов көшесінің Тәуке хан және Рысқұлов даңғылдарының аралысындағы бөлігін кеңейту жұмыстары жоспарланған болатын. Жоспар негізінде ені 8 метрді құрайтын жол бойын 21 метрге дейін ұлғайту қарастырылған. Осы жұмыстарды атқару үшін көше бойындағы 900-ге жуық ағашты өзге орындарға ауыстырылмақ болған. Алайда қала тұрғындары жасыл желектің орнын ауыстыруға айтарлықтай алаңдаушылық білдіруде.