Созақтан тұз шығарылады

Теріскейліктер ас тұзын шығаруда. Былтыр Шолаққорғанда ашылған кәсіпорында осыған дейін мың тонна өнім шығарылыпты. Созақтың тұзына бүгінде көршілес аудандардың да сұранысы артып келеді.

Жергілікті кеннен алынатын тұз алдымен кәсіпорынға жиналып, жуылады, сосын йодталып, өңделеді. Өнім 100 пайыз өңделген соң ғана тұтынушыға жеткізіледі. Зауытқа қарапайым жұмысшы болып орналасқан Серғали Туғанбаев кәсіпорын ашылғалы осында істейді. Оның міндеті – тұздың тауарлық түрін сақтап, дайын өнімді арнайы қаптамаларға орап береді.

Серғали Туғанбаев, жұмысшы: «Сегіз сағат жұмыс істейміз, күніне 5 тонна тұза шығарамыз. Жалақымыз 50-60 мың теңгенің төңірегінде.»

Ашылғанына әлі жыл толмаған кәсіпорында бүгінге дейін мың тоннаға жуық өнім өндіріліпті. «Дархан ас» өндірістік копперативінде қазір 14 адам жұмыс істеп жатыр. Кәсіпорынды кеңейтуді жоспарлап отырған Мұрат Сапаров толық қуатына шыққанда мұнда 30 адамға екі қолға бір күрек табылады дейді. Ас тұзы нарығындағы бәсекелестікті бағамдай білетін кәсіпкер сапалы тауардың жерде қалмайтынына сенімді.

Мұрат Сапаров, кәсіпкер: «Қызылордада тарихы 90 жылдық кәсіпорын бар. Біздің тауардың ерекшелігі сапасында. Тұзды алдымен тазартып алып, кептіреміз, автоматтандырылған қондырғыда өңдейміз.»

Кенді өлкенің байлығын тиімді пайдаланып отырған теріскейліктердің өндіріп отырған ас тұзына бүгінде сұраныс зор. Әу баста тек аудан жұртшылығын қажетті өніммен қамтып келген кәсіпкерлер бүгінде тауарды өзге аудандарға да тасымалдауда. Енді Созақтың ас тұзына көршілес облыстардың да сұранысы артып жатыр дейді іскерлер.

Мақпал Рысбаева