Оңтүстікте Сырдария маңындағы тоғайлы аумақтан өрт шықты. Бұл — келеңсіз жағдайдың салдарымен күресудің бір жоспары болатын. Төтенше жағдай департаментінің Сырдария — Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи саябағында ұйымдастырған оқу-жаттығуы барысын біздің түсірілім тобы да бақылап қайтты.
Жапан даладағы кез келген оттың көзді ашып жұмғанша ірі өртке айналуы ғажап емес. Мұндай жағдайларда қас-қағым сәтті тиімді пайдаланудың маңызы зор. Көлікке дес бермейтін өрт жылдамдықпен жолындағын жайпап барады.
Жалынды алдымен аумақты қадағалап жүрген қырағы инспекторлардың көзі шалды. Мамандар бірден өрт сөндіру бекетіне хабар берді. Арнайы құрылған жоспар аясында төтеншеліктер қауіптің бетін қайтаруға кірісті.
Мұндағы әр әрекет көрсетілген жүйе бойынша жасалуы тиіс. Алайда мамандар жағдайға қарай сызбадан ауытқып та отырды. Операцияны қалт жібермей қадағалап отырған басшылық іс насырға шаппас үшін келеңсіздіктерді дер кезінде түзеп отырды.
Бұл оқу-жаттығу мамандардың оқыс жағдайларға дайындығын пысықтай түсті. Жыл сайын осылай алдын алу жұмыстарын бір електен өткізіп алатын төтеншеліктер былтыр бұл маңайда бірде-бір өрт оқиғасы тіркелмеді деп сендіреді.
Мақпал Рысбаева