Отандық кәсіпкерлерге қаржылай қолдау білдіруде екінші деңгейлі банктер де белсенділік танытуы керек. Ол үшін қаржы ұйымдары несие беру шарттарына түзетулер енгізіп, кәсіпкерлерге дер кезінде көмек қолын созуы тиіс. Бұл туралы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры басқармасының төрағасы Абай Сарқұловпен кездесуінде облыс әкімі Жансейіт Түймебаев мәлімдеді.
Облысымыздағы бірқатар қаржы институтарының өкілдері де қатысқан басқосуда «Оңтүстік өнімі» бағдарламасының жүзеге асу барысы талқыланды. Еске салар болсақ, облыс әкімдігі мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының арасында шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған ортақ меморандум түзіліп, келісім негізінде қос тарап 1 млрд теңгені Шымкенттегі 4 банктің есебіне аударған еді.
Дегенмен, 8,5 пайызбен берілетін қаржыны үлестіруде түйткілдер туындап отыр. Атап айтсақ, аймақтық үйлестіру кеңесінің сараптауынан өткен кәсіпкерлер ғана аталған несиеге қол жеткізе алады. Шарт бойынша осыған дейін жеңілдетілген несие индустриалдық аумақта өнім өндіретін белгілі бір кәсіппен айналысатын кәсіпорындарға ғана берілетін.
Жиында екінші деңгейлі банк басшыларына несие берудің шарттарына өзгертулер мен толықтырулар енгізу ұсынылды. Әйтпеген жағдайда отандық тауар өндірушілер несие ала алмайды. Осы мәселені ескерткен аумақ басшысы несие үлестірудің тетіктерін бірге талқылауға кеңес берді.
— «Оңтүстік өнімі» бағдарламасы кәсіпкерлердің жеңілдетілген несиеге қол жеткізуін қамтамасыз етуі тиіс. Несие алуға ниет білдірген кәсіпкерлер тізімін кеңейту керек. Бұл ретте екінші деңгейлі банктерге басымдық беріліп отыр. Сондықтан несие беру шарттарын жеңілдеткен дұрыс, — деді Жансейіт Қансейітұлы.
Жиын барысында екінші деңгейлі банктердің қазіргі талаптары да жан-жақты талқыланды. Жасыратыны жоқ, бүгінде халық өз қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында екінші деңгейдегі банктердің несиелерін жиі қолданады. Бірақ, несие алушылар несие алған кезде тек сыйақы мөлшерлемесіне ғана мән береді, ал несие алумен байланысты банктің сыйақысы бар екенін ескермей жатады. Осы түйткілдер орын алмас үшін халық арасында банктердегі несие беру шарттары кеңінен насихатталу керегі айтылды.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі