Жол құрылысын созған мердігермен келісім бұзылады

317
Жол құрылысын созған мердігермен келісім бұзылады

Шымкенттің ішіндегі 16 айға жоспарланған жұмыс енді екі айда аяқталуы тиіс. Қаладағы бірқатар жол құрылыстарының барысын бақылаған облыс әкімі осылай деп, құрылысшыларға жұмыстарын ширатуға тапсырма берді. Сыпырған ата көшесінің құрылысын жүргізіп жатқан «Арт құрылыс» мекемесі тапсырманы орындамаса, келісім-шарт бұзылады деді Жансейіт Қансейітұлы.

Сыпырған ата көшесінің ұзындығы шамамен үш шақырым. Арғынбеков көшесінен Әл Фараби көшесіне дейінгі аралықтағы құрылыс 2016 жылдың шілде айында басталған. Мердігер «Арт құрылыс» мекемесі өткен жылы 300 млн теңгені игеріпті. Биыл жыл басында тағы 300 млн теңге бөлінген. Құрылыстың жалпы құны 1 млрд 314 млн теңгені құрайды.

Қуатжан Жұматаев: «Жолдың ені 25 метр болады. Биылдың соңында қолданысқа тапсырамыз деген жоспар бар.»

2016 жылы атқарылған құрылыс барысын көрген облыс әкімі мердігерге оны екі айда аяқтауға тапсырма берді. Орындалмаған жағдайда тапсырыс берушілер келісім-шартты бұзып, мердігерді алмастыруға тура келеді. Ал аудан әкімдігінің мамандары жол бойындағы баспаналардың қасбеттерін әрлеумен айналысады, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Обылс әкімі бұдан кейін Алматы Термез және Темірлан бағыттары бойында салынуы тиіс жол айрығының жобасымен танысты. Тиісті сала мамандарына мұндағы құрылысты да тездетуге тапсырма берген өңір басшысы түрік ағайындардың мұндай құрылысты 75 күнде аяқтайтынын мысалға келтірді.

Нұрлан Жаңабай