Шымкентте сұмдық жол апаты екі адамның өмірін қиды. Екі бірдей Тойота көлігі соғысып қалып, соның салдарынан жол талғамайтын көлікте отырған ерлі-зайыптылар тіл тартпай кетті. Олардың 6 жасар баласы, Құдай сақтап, аман қалды. Ал оқиға орнынан алдымен ізін суытқан жүргізуші кінәсін мойындап, полиция бөліміне өзі келген.
Қайғылы оқиға 11 наурыздан 12-сіне қараған түні, сағат 2 шамасында орын алған. Шымкенттегі Әл Фараби және Юсупов көшелерінің қиылысында Toйота Лэнд Круизер 200 және Тойота Камри жеңіл көлігі соқтығысқан. Соның салдарынан джип көлігінің 45 жастағы жүргізушісі мен оның 36 жастағы жұбайы алған ауыр жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған. Ал олардың қызы сол мезет облыстық балалар ауруханасынының жан сақтау бөліміне жеткізіліпті. Жол-көлік апаты болған орыннан ізін суытқан 31 жастағы жүргізуші қазір кінәсін мойындап, Абай полиция бөліміне өзі келген.
Ал ата-анасынан бір түнде айырылған төрт жарым жасар баланың да қазір жағдайы мүшкіл. Жан сақтау бөлімінде арнайы аппаратпен дем алып жатыр.
Әнуарбек Маймақов, облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері: «Жағдайы түскен кезде тым ауыр, бас сүйегі зақымданған, миына зиян келген. Бүйрегі ажырап, аяқтары сынған. Гемоглибні 60 еді. Біздің балалар ауруханасы күрделі мамандандырылған болғандықтан, 1 сағатқа жетпей біз барлық мамандарды шақырып, балаға тез арада операция жасадық, қанын тоқтаттық. Сынған жерлеріне гипс қойып, балаға жан сақтау бөлімінде ем-дом жасалды. Бір айтарлығы — осындай ауыр жағдайда түссе де, бүгін сағат 11-де бала көзін ашып, өзіне келіп, іздеп келген туысқандарына жауап беріп жатыр.
Ақ халаттылардың айтуынша, аяқ сүйектері бір емес, үш жерден сынған балаға әлі бірнеше күрделі ота жасалуы керек. Егер, операция сәтті шықса, науқас аптаның соңғы күндері палатаға шығарылуы мүмкін. Ал Абай полиция бөлімі қазір қос тараптың кінәсін анықтау үшін тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
Мөлдір Бекеева