Күнделікті ішер ас-суына тиын табу мұңға айналған отбасылардың қатары көбейіп жатыр. Кедейліктен құтқаратын түрлі бағдарламалардың қаншалықты жүзеге асып жатқаны белгісіз. Әлеуметтік көмекке мұқтаждардың дені – кембағал жандар мен тұрмысы төмен көп балалы отбасылар. Кедейлік шегінде өмір сүріп жатқан олардың бүгіні мәз емес. Жылы киім кимеген, тоя тамақ ішпеген ұрпақ…
Ranking.kz порталы қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайына зерттеу жүргізіп, өз талдауын жариялады. Нәтижесінде Оңтүстік Қазақстан облысы ең кедейлер шоғырланған өңір деп танылды. Өңірдегі 290 мың адам сіңірі шыққан кедейлердің қатарында екен.
Бізге хабарласып көмек сұраған үш отбасының жағдайы мүшкіл. Бір отбасы балаларының диагнозы тым ауыр. Ақ халаттылардан көңілі қалған. Тағы екі отбасы мүшелерінің де денсаулығы сын көтермейді. Жұмыссыздық, жылуы мен жарығы жоқ жалдамалы суық үй, қара суға шылап отырған қара нан… Өмірлері осылай өтіп жатыр.
«Биліктен үмітімді үздім»
Шымкенттік Дәрібаевтар отбасында 10 бала бар. Үлкені 16-да болса, кішісі 1,5 жаста. 9 қыз бен 1 ұлдың ата-анасы Қарлығаш пен Қайырбек Дәрібаевтардың бүгінгі жағдайы мәз емес. Он баламен қалада пәтерден-пәтерге ауысып жүргеніне бес-алты жылдың жүзі болған. Дәрібаевтар отбасына қайырымды жандардың шапағаты мол тигенімен сол қайырым бүтін болмады. Жарты жолда қалған…
– Төлеби ауданынан алты баламен көшіп келдік. Күйеуім тауда жұмыс істейтін. Балалар есейген соң мектепке беру керек, амалсыздан қалаға келдік. Көп балалы отбасына кім пәтерін жалға берсін?! Күйеуімнің тапқан-таянғаны тамақтан артылмады. 2012 жылдан бері тұрған баспана кезегінің жылжитын түрі жоқ. Кезегіміздің келуіне әлі 3-4 жыл бар екен. Шымкент қалалық тұрғын үй қатынастары бөліміне барғанымда коммуналдық баспаналар салынып жатпағандығын, КИК бағдарламасымен алуыма болатынын айтты. Оған жағдайымыз келмейді. Отбасымыздың нан-пұлын тауып отырған күйеуім соңғы уақытта денсаулығынан мүлдем айрылды. Қант диабетіне шалдығыпты. Оны жақында білдік. Асқазанында жарасы, ревматизмі тағы бар. Менің жұмысқа шығуыма тура келді. Шымкент зообағына жұмысқа кірдім. Жалақым – 28 мың теңге. Менің мәселемді жергілікті билік жақсы біледі. Талай рет табан тоздырып, есіктерін сан қағып «өз баспанам болса екен» деп көмек сұрадым. Уақытша тегін тұруға баспана тауып берді. Онысына алғысым шексіз. Алғашында «Бекжан» базары аумағында 2 бөлмелі бетон үйде тұрдық. «Кейін үй соғып береміз, әзірге осында тұра тұрыңыз» деп бір кәсіпкер көмектесті. Дегенмен, ол үйде су мен жылу болмады. Мұздақты үйде тәубемізбен өмір сүріп жаттық. Бірақ, балаларымның барлығы суықтан ауру болып қалды. Құлақтары суықтаған, екі қызымның қазір тілінде мүкісі бар, гайморит. 2015 жылдың аяғында сол үйде отырғанда әкімдіктегілер хабарласып, «5 бөлмелі пәтерде үй алғанша уақытша тегін тұрасыз» деп қайта-қайта айтып, көшіріп алып кетті. Жаңа жылда 10 баламызбен Отырар шағынауданындағы үйге көшіп келдік. Демеушілердің есебінен тегін тұрамыз, коммуналдық төлемдерді төлемейміз. Мұнысына рахмет. Бірақ, бұл үйде екі жылдан бері жылу жоқ. Екі қысты жылусыз өткіздік. Балаларым ауру үстіне ауру жамауда. Жарықты қарыз болған соң қайта-қайта өшіріп кетеді. Себебі, коммуналды төлем дер кезінде төленбейді. Әлеуметтік сала қызметкерлері мемлекеттен тұрмысы төмен отбасыларына арналған тұрғын үй көмегі берілетінін айтты. Соны алып, су, жарық, жылуды өзім төлейін десем, қазір тұрып жатқан үйге уақытша тіркеуге алынуымыз керек екен. Ал, үй егесі «уақытша тіркеуге тұрғызбаймын» деп айтады. Екі ортада коммуналды төлем төленбегендіктен екі жылдан бері жылу мен жарықтың зардабын әбден тарттық. Балаларыма обал болды. Биліктен көңілім қалды… «Тұратын баспанаң болмаса, туа беріп нең бар» деген сөзді де естідім. Мемлекеттен үй алудың ауылы әлі алыс. Жағдайымды айтып Елбасыға хат жаздым. Ендігі үмітім жеке кәсіпкерлерде. Жер алып, кішкентай времянка болса да салып алуға көмектессе екен,-дейді «Алтын алқа» иегері Қарлығаш Дәрібаева.
Обырға шалдыққан көпбалалы ана
Шымкентте қиын тұрмыс кешіп жатқан жанның бірі – Ділбәр Құттыбай. 46 жастағы ана алты баланы жалғыз өзі асыраған. Күйеуі төрт жыл бұрын қайтыс болған. Тозығы жеткен үйді 5 мың теңгеге жалдап тұрады. Бұл отбасы азапты қыста көреді. Ескі үйге қанша от жақса да жылымайды. Жылу жоқ үйде қандай маза болсын? Анасының айтуынша балаларының барлығы жиі ауырады. Отбасының жалғыз асыраушысы Ділбар ананың дәл қазіргі уақытта денсаулығы нашар. Онкологиялық диспансерлік есепке алынған. Диагнозы — жатыр мойны қатерлі ісігінің соңғы сатысы. Ота жасалып, дерттің беті бері қарағанымен ананың денсаулығын күтуге жағдайы болмаған. Өйткені, көпбалалы отбасының табысы мемлекеттен берілетін жәрдемақылар ғана. -Асыраушысы жоқ балаларға берілетін 46 мың теңгесі мен «Күміс алқаның» 12 мың теңгесі. Бір отбасының ішер тамағы, киер киімі, балаларына керек-жарақтысы осы ақшаның ішінде. Жеті адамның ішіп-жеміне бұл ақша қайдан жетсін? 17 жастағы ұлы жалдамалы жұмыс істеуге мәжбүр. Целлофан жинап оны өткізіп, күніне 1000-1500 теңге тауып, отбасын асырап жатыр,-дейді Ділбәр ана.
Соңғы ауырғанда Ділбәр Құттыбай бір ай орнынан тұра алмайды. Емханаға қаралғанда облыстық онкологиялық диспансерге анализ тапсыруға жолдама береді. Сараптама нәтижесін көрген дәрігерлер көмек бере алмайтынын айтып, үйіне шығарып салған. Әлеуметтік желілерде қоғамды дүр сілкіндірген ақпараттан соң ғана медицина өкілдері дертке шалдыққан науқастың үйіне барып, жағдайымен қайта танысады. Содан кейін ауруханаға жатқызып, химия терапиядан өткізеді.
Ділбәр Құттыбайдың арманы өз баспанасының болғанын қалайды.
Мүгедек балаларына «ходунок» қажет
Махлио Камилованың жағдайы да осы отбасыларына ұқсас. Пәтер жалдап тұрады. Үш баласына туа бітті церебральды сал (ДЦП) диагнозы қойылған. Ананы сала мамандарының тұрғындарға білуі тиіс мәліметтерді жасыратындығы ашындырған.
— Хасан мен Хусан егіздерім 7 жаста. Диагнозы ДЦП, лейкоз. Қызыма да ДЦП диагнозы қойылған. Үшеуі де жүре алмайды. Мемлекеттен әрқайсысына 50 мың теңге жәрдемақы аламын. Жәрдемақылары дәрі-дәрмегінен артылмайды. Емханада тегін массаж жасатайын десек, кезекті 4-6 ай күту қажет екен. Амалдың жоқтығынан әрқайсынына сағатына 1000 теңгеден өз қаражатымызға жасатамыз.
Мүгедектігіне байланысты балаларға мемлекет тарапынан емдеуде, әлеуметтік мекемелерден бөлінетін қажетті құралдардың бар екендігін алғашында білген жоқпыз. Мәселен, қызымның омыртқасында кистаны Алматы қаласында ота жасатып алып тастадық. Медициналық сараптамадан өтуде үш мүшесіне МРТ жасату қажет болды. Оның біздегі жекеменшік клиникаларда сараптама жасату ақылы екен, әрқайсысына 17 мың теңгеден. Үш органды түсіруді есептей беріңіз.
Амалдың жоқтығынан МРТ-ны Ташкентте жасаттық. Сараптама құжаттарын жинап, облыстық балалар ауруханасына барсақ, невролог-дәрігер «МРТ-ны балаларға жасату бізде тегін. Ақшаңыз көп па? Неге ақылы түрінен өттіңіз» деді. Қаладағы №2 балалар емханасына қараймыз. Мұндағы дәрігерлерге айтқанымда тегін жасататынын растады. Бірақ бізге айтпады. Қарапайым халық көп жағдайдан хабарымыз бола бермейді. Өзіміз секілді тағдырлас адамдардан мемлекеттен тегін берілетін қолдауларды естіп-біліп жатамыз. Қызыма әлеуметтік мекемеден памперсті тегін аламыз. Қызымның қимылына көмек ретінде «ходунок» алуға арнайы мекемеге құжат өткіздік. Әлі күнге дейін ходуноққа қол жеткізе алмай отырмыз. Ең болмаса – бір баламның өзінше қимыл-әрекет жасағандығын қалаймын,-дейді анасы Махлио.
Медициналық көмек
Церебральды сал (ДЦП) диагнозымен ауыратын науқас балаларға стационарда тегін диагностика жасалады. Жылына 1 рет МРТ, КТ, жылына 2 рет электроэнцефалографиядан тегін өте алады. Бас миына УДЗ-ді жылына 3-6 рет жасауына мүмкіндігі бар. Бұдан өзге барлық медициналық сараптамаларды жасату тегін.
16 жасқа дейінгі балаларға мемлекет тарапынан мүгедектік тағайындалатын болса, мүгедек-бала деген санат береді. Ол топқа (І,ІІ,ІІІ) бөлінбейді. Оларға тағайындалатын жәрдемақы мөлшері 32 042 теңге, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасына 25 682 теңге беріледі. Бұдан бөлек, еңбек оңалту шараларын жүргізу үшін техникалық көмекші құралдар тізімі бар. Қазір мүгедектерге берілетін көмекші құралдар саны көбейді. Олардың саны 50-ге жуықтайды. Қажетті құралдар мүгедек жанның ауру көрсеткішіне, диагнозына қарай қарай тағайындалады. ДЦП дертіне шалдыққанда мүгедек балаларға берілетін құралдар тізімі:
– ходунок, бас ұстағыш, корсет, ортопедиялық аяқ киім;
– Оңалту орталығына жолдама;
Әлеуметтік көмек
Церебральды сал (ДЦП) диагнозымен ауыратын науқас балаларға стационарда тегін диагностика жасалады. Жылына 1 рет МРТ, КТ, жылына 2 рет электроэнцефалографиядан тегін өте алады.
Бас миына УЗИ-ді жылына 3-6 рет жасауына мүмкіндігі бар. Бұдан өзге барлық медициналық сараптамаларды жасату тегін.
«Осы отбасыларға көмек көрсетемін» деген жомарт жандардың редакциямызға хабарласып, байланыс нөмірлерін білуіне болады.
Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ