«Қорқыт ата» тарихты қаузады. Дәлірегі — «Театр көктемі-2017» халықаралық жарысында көршілес Қырғызстанның ұлттық театры ажалмен арпалысқан ақсақалдың абыз-жолын ұсынды. Сонау VIII ғасырдың саңлақтары мен сүр-саясатын сахналаған ұжымның өнерін біз де тамашалап қайттық.
Дала аңызы — сонау VIII ғасырдың саңлақтары мен Сыр бойындағы тылсым тағдырлар. Залдағы көрермен түбі бір түркі халқының сол бір серпіліс-қоғамындағы қадам-қайшылықтарына куә болды.
Жасынан өмірге ғашық, данагөй, жырдың жілік майын мүжіген кейіпкер. Қойылымда Қорқыт атаның ажалмен арпалысып, соңынан қыл-қобызға арқа сүйеуі де көрініс тапты. Ал жасы сексеннің сеңгіріне шыққан абыз-ақсақалдың рөлін Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер Әбдіхалық Акматов сомдады.
Әбдіхалық Акматов, Т. Абдумомунов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театрының әртісі: «Жүрегім ерекше қобалжыды. Сахнада мәтінімді дұрыс айтып, қателеспесем екен деген сияқты ойлар мазалады. Ал рөлдің қиындығы өз алдына. Себебі менің жасым биыл пайғамбар жасты — 63-ті бағындырдым. Қойылымда 82-дегі қарттың кейпіне ендім. Қорқыттың мінез-құлқының өзі күрделі, данышпан, ақылды, ойшыл, көреген тіпті өмірінің өзін болжай білген ғой. Сол бір қасиетті бойыма сіңіруге тырыстым.»
«Қорқыт ата» қойылымның дайындығын Токтоболот Абдумомунов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық театры екі ай бұрын бастаған. Спектакльге өнер ұжымының 20 әртісі жұмылдырылып отыр. Декарациясының өзіне 2 миллион теңге қаржы қаралыпты. Ал еңбекті айлап емес, екі жыл бойы жазған автор Қайрат Иманәлиев тарихи шығарманы шынайы шығаруда рухани қиындықтар кездескенін жасырған жоқ.
Қайрат Иманәлиев, Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері: «Негізі Қорқыттың өзі — рух, қойылымды жазар алдында қатты қиналдым, жаза алмай біраз жүрдім. Сосын осы спектакльге кіріскен кезде қоюшы-режиссеріміз ауырып қалды, соңынан сол аралықта басты рөлге бекітілген актер өмірден созды. Осы оқиғадан кейін жүрегім дауаламай, бәрін қойып, жұмысты тоқтатамын деген байламға келдім. Бірақ, әріптестерім мен жанымда жүрген дос-жарандарым маған демеу болып, шығарманы жазуымды сұрады. «Қорқыттың рухы үшін, жазып шық» деген ұсыныстар айтып, қолдау білдірді. Сосын Қорқыт атаға арнап құрбандық шалып, Құран аяттарын бағыштап жүріп, қолыма қалам алдым. Рухани салмағы ауыр спектакль осылай дүниеге келді.»
Гулфайруз Мақсатқызы, көрермен: «Қойылымды көріп отырып, қайда отырғанымды ұмытып кеттім. Алғашында қорыққанымды жасырмаймын, әсерімді де сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Шығармашылық ұжымға айтар алғысым шексіз. Өмір мен өлімнің ара жігін ажыратып берді».
Бүгінде 92 жылдық тарихы бар Қырғыз ұлттық академиялық театрында 110 адам жұмыс жасайды. Оның 50-і — шығармашылық ұжым.