«Театр көктемі» фестиваліне Қазақстаннан 9 ұжым қатысуда

427

«Театр көктемі-2017». Күнгейде осындай тақырыпта дәстүрлі өнер фестивалі жалғасып жатыр. Биыл оныншы рет қолға алынған байқаудың ерекшелігі сол – өнер бәсекесі қазақтың тұңғыш режиссері Ж.Шанинның 125 жылдығы құрметіне халықаралық деңгейде ұйымдастырылды.

Байқау қатысушылары алдымен көпшілік алдында марқая жүріп өтіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Салтанатты шарада фестиваль қатысушыларының аты құрметпен аталып қана қойған жоқ, бүгінге дейінгі жеткен жетістіктері мен марапаттары да тізбектеле таныстырылды.

 

Әбдіхалық Акматов, Т. Абдумомунов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театрының әртісі: «Қуаныштымын. Театрға кіріп келе жатқанда халықтың құрметін көріп, өзімді бақытты сезіндім. Мен үшін Қорқыт атаның образын шығару қиын болды. Себебі, мен өзім 63-темін. 80-дегі шалды ойнаймын, ақылды, болашағын көре білген данышпан жанды шебер ұсынуға мейлінше тырысамын».

«Арқалық батыр» спектаклінен

Халықаралық сайыстың шымылдығын Павлодар облыстық Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка драма театры түрді. Осыдан 26 жыл бұрын қызметін бастаған өнер ошағы сахна төрінде Ж.Шаниннің еңбегі – «Арқалық батыр» тарихи туындысын сахналады.

Сайысты Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан-сазды драма театры жалғады. Көрерменге Георгий Хугаевтың «Қара шекпен» шығармасын ұсынды. Қоғамдағы келеңсіздіктер мен ондағы кейіпкерлердің кірпияз, алуан мінезін хайуанат-аңдардың бейнесі арқылы баяндаған. Ал психологиялық әпсанада төбет Тұзардың кейпін 6 жылдық тәжірибесі бар әртіс Жасұлан Тұрғанбаев сомдады.

Жасұлан Тұрғанбаев, Р. Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театрының әртісі: «Маған рөлім оңайға түскен жоқ, өзімнің жеке монологымды түсініп, шығару қиын болды. Әлде сахнада қатты толғаныс болды ма, білмеймін. Ал кейіпкеріме ұқсайтын тұсымыз адамдармен тез тіл табысып кететін қасиетіміз деп ойлаймын.»

Ал осынау үміткер өнер ұжымдарының кәсіби сауат-қабілетін бағалау 5 адамнан құралған қазылар алқасына жүктелді. Төрешілердің төрағасы – белгілі театр сыншысы Еркін Жуасбек.

Еркін Жуасбек, театр сыншысы, қазылар алқасының төрағасы: «Спектакльдегі режиссура және сахнадағы образ – бұл бірінші назар аударатын шарт. Ал қойылымның тақырыбы, жанры – мұны әр театр өзі анықтап-бекітеді. Біз үшін ең үлкен жеңіс – жақсы, толық, кәсіби спектакль көру. Соны дұрыс, әділ бағалау!»

Айта өтетін ақпарат, «Театр көктемі -2017» халықаралық фестиваліне 10 театр жолдама алған. Оның біреуі ғана қырғызстандық ұжым, ал қалған 9 театр – қазақстанның мәдениет ошақтары. Өнер бәсекесі әлі 3 күнге ұласады. Жеңімпаз ұжымға әдеттегідей қомақты сый-таралғы тапсырылады деп күтілуде.