Қоғамдық тыңдау — Нұрсәтте жылу бағасы қымбаттауы мүмкін

472
Нұрсәтте жылу бағасы қымбаттауы мүмкін

Шымкентте жылу ақысы тағы да өсуі мүмкін. Бұл жолы Нұрсәт шағынауданы тұрғындары үшін коммуналды қызметтің осы түрі қымбаттауы ғажап емес. Осындағы көпқабатты үйлерге жылу беретін Қуат жылу орталығы мекемесі өткен маусымнан көп кіріс таппаған секілді.

Сондықтан болар, шұғыл қоғамдық тыңдау өткізіп, жылу ақысын көтеруді ұсынды. Ал қазіргі бағаның өзін әрең төлеп жүрген тұрғындарға бұл жаңалықтың ұнамай қалғаны жасырын емес. Айта кету керек, Нұрсәттегі үйлердің көбісінде жылу есептегіш құрал қойылған.

«Қуат жылу орталығы-3» мекемесінің қоғамдық тыңдауына жылу берушілердің өздері, энергетиктер, шенеуніктер, қоғамдық бірлестік өкілдері, үй төрайымдары мен мемлекеттік мекеме өкілдері жиналған. Лық толған залға келгендердің барлығы сыймай, жылудың бағасын қызу талқылады. Белсенділердің талабымен тарифті талқылау екі сағатқа жуық созылды.

«Жылудың қазіргі тарифі — 260 теңге. Өткен маусымның қорытындысы бойынша үлкен шығындар болды. Сол үшін Нұрсәт шағынауданындағы жылудың жаңа тарифін талқылауға ұсынып отырмыз. Бір шаршы метрге — 460 теңге деп…»

«Қуат жылу орталығы-3» мекемесінің өкілі жылудың жаңа тарифін айтып, аузын жиғаны сол екен, көпшіліктің наразылығының астында қалды. Нұрсәт тұрғындары қарсылықтарын ашық білдіруде. Қазіргі тарифті еке есе көтеру — нағыз бассыздық дейді олар.

Нұрсәтте жылу бағасы қымбаттауы мүмкін

Халықты автономды қазандық құрылысына қанша қаржы кеткені қызықырмайды. Олар жалғыз сұрақтарына жауап алғысы келеді.

— Неліктен барлық шығын қарапайым тұтынушының иығына артылуы тиіс? Мұндай қалта тонаудың соңы бола ма? Онсыз да күнімізді әрең көріп жүрміз! Ал енді келіп — жаңа тариф!, — деп ашынады Нұрсәттегі үйдің төрайымы.

Қоғамдық тыңдаудың бірде-біреуін жібермеуге тырысатын қоғамдық белсенділер мұндай жиын жай ғана қағазбастылық санайды. Ақыр соңында тұрғындардың наразылығына қарамастан осы шағынауданға арналған жаңа тариф бекітіледі дейді олар.

Өзге үй төрағаларының да айтары бар. Мысалы, Жұмабай Құлтасовтың айтуынша, билік әлеуметтік әлсіз отбасыларды ескерсе дейді. Мысалы, Нұрсәттегі №50 үйде аз қамтылған отбасылар, жетімдер мен зейнеткерлер тұрады. Олар қазіргі тарифті әрең төлеп жүргенде, қымбаттаған бағаны қалай көтермек?

Айта кету керек, Нұрсәттегі үйлердің барлығында дерлік жылу өлшегіш құралдар қойылған. Тарифтің көтерілуіне қарсы тұрғындарда жылу берушілер осы құралдарды жақтырмайды деген күдік бар. Сондықтан, келесі жылу маусымы басталғанша бағаны көтеруге тырысып баққандары болуы мүмкін. Енді Нұрсәт тұрғындары өз мүдделерін соңына дейін қорғамақ. Ал тарифті көтеру мәселесін сараптама комиссия қарайды.

Шынар Оразова