Әйгілі гобеленші Құрасбек Тыныбековтың туғанына – 70 жыл

1958

Биыл Қазақ ұлттық гобелен өнерінің негізін салушы Құрасбек Тыныбековтың туғанына – 70 жыл. Айтулы датаның құрметіне орай күнгейліктер қолөнер шеберінің есімі мен еңбегін елеп, көпшілікке автордың тың туындыларын таныстырды. Ұлттық өнерді ұлықтайтын көрмені біз де тамашалап қайттық.

«Жастық шақ» гобелені

«Жастық шақ» –  Құрасбек Тыныбековтың тырнақалды туындысы. Қазір сол бір студенттік шақтың жұрнақ-естелігіне айналған. Қуантарлығы – өмірдің әр сәтін, қоғамның құнын қылқаламмен ғана емес, жіппен өрген өнер иесінің қолтаңбасын қазіргі жас толқын меңгеруге көшкен. Автордың ізбасар інісі, шәкірті Құттыбек Жақыпов «Отырар.қаз» сайтының оқырмандары үшін  қолөнершінің шығармашылығындағы ерекше шеберлігінің құпиясын ашты.

Құттыбек Жақыпов

Құттыбек Жақыпов, Қазақстанның мәдениет қайраткері, Қ.Тыныбековтың інісі: «Құпиясы сол – қайбір гобеленші болсын, кілемді тоқудың алдында оның суретін ағашқа тіреп, сонымен сәйкестендіріп жасайды. Суретті дәлме-дәл түсірудің әдісі осылай, негізі. Бірақ менің ағам ешқандай бейненің көмегінсіз-ақ кішкене ғана қағаздағы бейнені алдына алып, соған қарап-ақ, тамаша дүние жасайтын. Қолынан шыққан гобелендерге қарасаң, өзі сөйлейді, еңбектің бойында ерекше күй ойнайтындай көрінеді маған».

Көрмеге Қазақ ұлттық гобелен өнерінің негізін қалаған автор – Құрасбек Тыныбековтың әу бастағы кескін дүниелерімен қатар соңғы жасаған еңбектерінің жасағы қойылған. «Дала әуені», «Аспан», «Көктем», «Теңіз симфониясы» сынды кілемше-гобелендері осы көрменің төрінен табылды. Тың туындылармен танысқан тұрғындар қолөнер шеберінің қазақи қолтаңбасына тәнті болғанын байқадық.

Автор өмірден озғаннан кейін, яғни 1981 жылы «Қазақстан» гобелені үшін еліміздің мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды. Осылайша өзінің небәрі 33 жыл өмірінің 9 жылын осы ұлттық қолөнерге сарп еткен Құрасбек Тыныбеков халыққа 40-қа жуық гобелен-еңбегін ұсынып үлгерді.