Азық-түлік бағасы өскен тұста алтынның бағасы да қымбаттап отыр. Бүгінде сауда орындарында бағалы металдың бір грамы тоғыз жарым мыңнан 12 мың теңгеге дейін сатылуда. Дегенмен, осыған қарамастан күн көріске қаржыны әрең тауып отырған жамағат той дегенде несиеге қос-қос алтын алып, әшекейге малынуда.
Алтынның бағасы қымбаттаса да зергерлік бұйымдар сататын орындарда тұтынушылардың саны азаймағанын байқадық. Мына сауда қатарындағы алтын-күміс бұйымдар көздің жауын алады. Таңдау мол, қалтаң көтерсе, қалағаныңды сатып аласың. Сатушылардың айтуынша, алтынның арасында ресейлік зергерлік бұйымдар ең қымбаты саналады. Олардың бір грамы 12 мың теңгеден жоғары. Ал түрік, украин және қазақстандық алтын бұйымдардың граммы 9 жарым мың теңге төңірегінде. Қалай болғанда да шарықтаған алтынның бағасы адамдарды тоқтатпайды, әркім өз қажеттілігіне сатып алуда.
Ия, атам заманнан келе жатқан салт-дәстүрді ұстанатын қазақ ұлын — ұяға, қызын — қияға қондырып, қыз ұзатып, келін түсіруден аянбайды. Шығынға батса да несие алып, қатардан қалмай тойын жасап, құдалығын дүркіретіп өткізеді. Жасауын жасап, құдаларына алтыннан сақина-жүзік тағып, шашылады. Осыны білетін зергерлік бұйымдар сауда орындары қуанышқа ортақтасып, алтын әшекейдің кең таңдауын ұсынады. Ең бастысы — мұнда сатып алған әр бағалы затыңызға сертификат беріледі. Оған қоса түрлі жеңілдіктер бар.
Қалай болғанда да қолында алтын сақина мен жүзік, білезік сияқты жалпы зергерлік бұйымдары бар азамат ұтылмасы анық. Қаржыдан тарыққан шақта бағалы металды өткізіп, несие алуға болады. Онда да бүгінде алтынның бір грамы 8 бен 9 жарым мың теңге аралығында.