Алтын төбеден алтын табылуы мүмкін

1248

Алтын үшін ауылды көшіреді деген жай ғана жел сөз. Қазығұрт ауданының Алтын төбе ауылындағы әлеумет осылай деп отыр. Бұған дейін аталған елдімекенде аса бағалы металл табылды деп дүйім жұрт дүрліккен болатын. Кейіннен оны игеру үшін бүтіндей бір ауылды көшіреді деген қауесет тарап кетті.

008

«Алтын шыққан жерді белден қаз!» Ауылдың қойнауы құнды металға толы деп, алтынтөбеліктер асыр салған болатын. Бірақ кейіннен елдімекенді көшіреді екен деп, көңілдері су сепкендей басылды. Дегенмен, мұның бәрі жел сөз дейді ауыл ақсақалдары. Алтынға сынама алушылардың халықпен өткізген түсіндіру жиналысына қатыспаған пысықайлар осындай қауесет таратып, елді елеңдетіп қойды дейді қариялар.

Қариялар қайта құнды металл ауылдан табылса, әлеуметтің әлеуеті көтеріліп қалар еді деп отыр. Сегіз мың халық сергелдеңге салынбай, жұртқа жұмыс табылады дейді.

Дегенмен, бұл әзірге жұрттың жоспары болып отыр. Өйткені алтынның ауылдан табылуы түгілі, тіпті, сынама алу енді ғана жүргізілмек. Қазу жұмыстары елдімекенде емес, өзен аңғарларында қолға алынады деген жоспар бар. Мамандар Қаржан, Ұясу, және Жігерген өзендерінің бойынан сынама алмақ. Әкімнің айтуы осы.

Бұл іспен айналысатын «Алтын-Гео» ЖШС мамандары да сынаманың өзен аңғарларынан алынатынын растап отыр. Бірақ ол жерлерден де құнды металдың шығар-шықпасы белгісіз. Алтынды дәл осы ауылдан зерттеуге негізгі себеп – өткен ғасырдың 40-жылдары геологтар тексеру жүргізген екен.

Дегенмен, тиісті нәтижеге қол жеткізбепті. Енді «Алтын-Гео» компаниясы сол істі жалғастырмақ. Ол үшін инвестиция және даму министрлігінен алған арнайы сертификаты да бар. Ал елдімекеннің қойнауын қазып, ауылды көшіреміз деген жай ғана жел сөз деп түйіндеді серіктестік басшылығы.

Құнды металды зерттеуші компания мұнда құр алақан келмейтінін де жасырмады. 600 млн теңгеге жуық инвестиция тартамыз деп отыр. Ал ауылдың әлеуетін көтеруге 15 млн теңгені қоса бермек. Ал әкімдік мамандары бұл қаржыға талай тірлікті тындырамыз деп отыр.

Елдің ендігі көздегені елдімекеннен құнды металдың табылуы болып отыр. Ауылдан алтын шықса, әлеумет жұмысқа, әкімдік инвестицияға, ал компания шикізатқа кенелеміз деп отыр.

Мақсат Жақсыбаев