Аудан әкімі: «Мақтааралда биыл су тапшылығы болмайды»

Аудан әкімі:

Мақтааралда жыл сайын жазда туындайтын су тапшылығы мәселесі биыл болмайды. Аудан әкімі осы деп сендірді. Оңтүстік аймақтық коммуникациялар орталығында Ғалым Исмаилов ауыл шаруашылығы дақылдарының кластерін дамыту тақырыбында брифинг өткізген болатын.

Мақтаарал ауданына биылғы көктемгі-дала жұмыстарына жалпы көлемі 8320 тонна жағармай бөлінген. Дизельді отын шаруаларға 26 наурыздан бастап үлестірілуде. Былтырғы тұқымдық шиттің тапшылығын болдырмау мақсатында аудан әкімдігі тарапынан арнайы топ та құрылыпты. Нәтижесінде бүгінде 3 мың тоннаға жуық тұқымдық шит дайындалған. Дегенмен, мақта негзгі дақыл болып саналатын Мырзашөлде егістікке қажет ағын су тапшылығы жылдағы жазда туындайтыны жасырын емес.

Көктем мен күзде су тасуынан әлекке түсетін мақтаралдықтар шілдеде бір тамшы су таппай, егіні қурап, шығынға бататыны да жасырын емес. Осы тұста билік те қол қусырып отырған жоқпыз, ағын су мәселесін шешу мақсатында шекаралас көрші елдермен келісім жасауға да қадам жасадық дейді.

Жалпы, Мақтаарал ауданындағы тағы бір өзекті мәселелердің бірі — каналдар жайы. Тозығы жетіп, қараусыз қалған ирригациялық жүйелер бүгінде түгенделіп, бірі жөнделіп, екіншісі тазартылуда. Жекенің қолында қалған каналдарды мемлекет меншігіне өткізу жұмыстары да жоспарлы жүргізілуде дейді аудан әкімі.

Ауыл шаруашылығынан мол өнім алудың жолы егіс құрылымын әртараптандыру арқылы ауыспалы егісті енгізу, тиісті агротехникалық шараларды уақтылы жүргізу екенін аудан басшылығы біледі. Сондықтан бұл бағытта ұсақ шаруалардың басын біріктіріп, кооепративтер құрылуда. Осы орайда ауданда бүгінде 87 ауыл шаруашылығы өндірістік коопреативі тіркелген.