Бала асырап алудың 5 түрі

1398

Балалар үйіндегі тәрбиеленушілерді отбасына асырап алуға беру үрдісі қарқын алып келеді. «Бала асырап алсам» деген ниеттілер саны артып отыр. Түрлі жобалар жүзеге асырылу-да. Осы мақсаттағы қолдаулар жөнінде «Ана үйі» қоғамдық қорының «Бала асырап алуды қолдау» орталығы-ның ОҚО бойынша өкілі Ғалия Жүсіпова мағлұмат берді.

– Бүгінде үш жоба бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бірінші жоба, ол — «Ана үйі». Қаламызда екі «Ана үйі» бар. Екіншісі, «Бала асырап алуды қолдау» орталығы. Ал соңғысы «Отбасын қолдау» орталығы. Үшіншісі Астана қаласында қанатқақты жоба ретінде қолға алынған. Мақсаты – балалар үйін мүлдем жою. «Бала асырап алуды қолдау» орталығында бала асырап алушылар мектебі бар. 12 сабақ өтеді. Жоғары білікті психолог маман бала асырап алушылармен жұмыс істейді. Негізгі мақсаты – бала асырап алуға ниеттілерге психологиялық бағыт бағдар беру, қолдау көрсету. «Қамкөңіл балаларға қамқор болсам» дегендер көп. Бірақ барлығы бірдей бала асырап алуға дайын деп айта алмаймыз. Қандай құжат жинау керек? Баланы отбасына алудың қандай түрлері бар? Құжаттарды қайда өткізу керек? Соның бәрін осында үйретеміз. Бала өтпелі кезеңде мінез көрсете бастайды. Баладан бас тартпау үшін не істеу керек? Мұны да психолог түсіндіреді. Мектепті бітірген соң сертификат беріледі. Бұл «бала асырап алуға дайын» деген сөз, — дейді Ғалия Жүсіпова.

Бала асырап алудың 5 түрі тәжірибеде жүзеге асырылып жатыр екен. Біріншісі, «қонақ отбасы» деп аталады. Мұнда баланы демалыс, мереке күндері балалар үйінен өз үйіне алып кетуге мүмкіндігі бар. Екіншісі, патронаттық тәрбие. Бала асырап алушы мен аудандық білім бөлімімен келісімшарт түзіледі. Қабылдаушы отбасының үйінде тұрады. Патронат тәрбиеші болғаны үшін бюджеттен айы-на 10 АЕК көлемінде жалақы төленеді. Баланың барлық әлеуметтік төлемдері жеке есепшотында сақталады. Бала 18 жасқа толғанша ол қаржыға ешкім иелік ете алмайды. Ол баланы қорғау меншігі болып есептеледі. Сондай-ақ, бүгінде қорғаншылық, қамқоршылық түрі кең таралған. Кандидат өзі таңдаған баланы қамқорлыққа алу үшін аудан әкімінің қаулысы шығады. Қамқоршылыққа 14, қорғаншылыққа 16 жасқа дейінгі балалар беріледі. Балалар үйінен кетіп, қабылдаушының үйінде тұрады. Аты,тегі өзгермейді. Қамқоршы, қорғаншы болғаны үшін айына 10 АЕК жалақы төленеді. Баланың барлық құқықтары 30-ға жуық заңдармен, кодекс-термен қорғалған.

Асырап алуға өтініш білдіру үшін қажет құжаттар:

  • Асырап алуға тілек туралы жазбаша өтініш;
  • тұрғын үй-тұрмыстық шарттарға тексеру жүргізу туралы өтініш;
  • жеке басты куәландыратын құжаттың көшірмелері;
  • баланы асырап алуға жақын туысқандардың жазбаша келісімі (3-4 дана);
  • көршілердің 3-тен кем емес ұсыныс хаттары;
  • жиынтық табыс мөлшері туралы анықтамалар (соңғы 12 айға);
  • отбасы жағдайы туралы анықтамалар;
  • азаматтардың және жақын туысқандарының денсаулық жағдайы туралы анықтамалар;
  • соттылықтың болмауы туралы анықтамалар;
  • тұрғын үй меншігі құқығын немесе тұрғын үй немесе тұрғын үйді пайдалану құқығын растайтын құжаттың көшірмесі.

«Мектебімізге жыл басынан бері 56 адам хабарласты. 4 азамат кандидат болып тіркелді. Олар бала асырап алушылар мектебін бітіріп, сертификатқа ие болды. Ресейде мектепті бітіріп, сертификат алу заңмен міндеттелген. Алдағы уақытта елімізде де заңды түрде енгізілуі мүмкін. Мектебімізде тегін оқытамыз. Тегін сүйемелдейміз. Бесінші түрі – қабылдаушы отбасы. Ниет етушілер міндетті түрде заңды некеде тұратын болуы керек. 4-10 балаға дейін асырап алуына болады. Кейде бір отбасының 4-5 баласы жетім қалуы мүмкін. Оларды бір-бірінен айыруға болмайды. Бір бала сыйған жүрекке 5 бала да сыяды. Әр баланың өз несібесі бар. Жетімді жебеймін десе сауапты іске мұрындық болуына мүмкіндік бар», — деді өкіл.

Барлық құжаттарды жинақтап тапсырғаннан кейін, білім басқармасы арнайы комиссияда Сіздің құжаттарды қарастырып, бала асырап алуға болатыны немесе болмайтыны туралы шешім шығарады.

Егер оң нәтиже шықса, балалар мекемелеріне жолдама береді. Сіз 15 күн бойы баламен серуендеуге келіп тұруыңыз қажет. Танысу кезеңі өткеннен кейін сіздің және балалар мекемесі басшысының қорытындысы жазылған баланың құжаттары сотқа жіберіледі. Баланы асырап алу жөніндегі соттың шешімі шыққаннан бастап 15 күн өткеннен кейін ғана баланы алып кете аласыз.

Мынадай жағдайларда баланы асырап алуға ата-анасының келісімі талап етілмейді:

1) сотпен белгісіз немесе қайтыс болған деп жарияланған, із-түзсіз кеткен деп танылғандар;

2) сотпен әрекетке қабілетсіз деп танылғандар;

3) сотпен ата-ана құқығынан айрылғандар;

4) баламен бірге тұрмайды және сотпен негізсіз деп танылған себептер бойынша алты айдан артық тәрбиелеу және асыраудан бас тартқандар.

Егер анасы ауруханада баладан бас тарту туралы жазса, ата-анасының келісімін растайтын өзге құжаттарды талап ете алмайды.

Баланы асырап алғысы келетіндерге қойылатын талаптар да аз емес. Отбасында баланың қалыпты физикалық, психикалық, рухани және адамгершілік даму, тәрбие және білім алуы үшін шарттар болғанда рұқсат етіледі.

«Ана үйі» қоғамдық қорының «Бала асырап алуды қолдау» орталығының мекенжайы:
Шымкент қ., Желтоқсан көш., 20 б, 412 офис

Шұғыл желі: 1422

8-777-310-99-64

Гүлжан ЖҰМАШ