Боралдайдың орманшылары елікті еркіндікке жіберді

726
Боралдайдың орманшылары елікті еркіндікке жіберді

Ен даланың еркесі елік еркіндікке жіберілді. Сауапты іске Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің Боралдай филиалының қызметкерлері мұрындық болды. Негізгі қызметтерінің өзі табиғатты қорғау болып табылатын мекеме ұжымы бұл жолы түз құралайының қайта түлеп, өз ортасына оралуына септігін тигізді.

Тау-тасты болып келетін Бәйдібек ауданындағы Жарықбас ауылының маңындағы тұқымбақта Боралдай филиалының орманшылары жуырда қасқырлардың қамауында қалған құралайды құтқарып қалды. Ен дала сұлуының өрісін өзгертіп, жазық жерден азық таппай, ауылды төңіректеп келуіне түз тағылары себеп болған көрінеді. Жараланып қалған жануарды дер кезінде ветеринар маман қарап, жарақатын емдеген. Парк аумағына келіп қорған тапқан жануар қолдан жемдеуге тез бейімделіпті.

Сырдария-Түркістан өңірлік табиғи паркі

Әшірхан Асқаров, Сырдария-Түркістан өңірлік табиғи паркі бас директорының орынбасары: «Жарақаты жазылып, күтім жасап, өз қалпына келгеннен кейін табиғат-анаға жібергелі жатырмыз. Өзінің мекеніне, өзінің ортасына жібердік. Боралдай филиалындағы парк аумағында жылына екі рет — көктем мен күзде санақ жүргізіледі. Аумақтық инспекция комитетке есеп беріледі. Аң-құс бәрі түгел есепке алынады.»

Аумақтағы әр аң, құсқа ерекше қамқорлық жасайтын орманшылардың бұл игілікті ісі адам сүйсінерліктей. Соның нәтижесінде «Қызыл кітапқа» енгізілген арқар да, елік те көбейіп келеді екен.

Нұрғали Аманқұлов, Боралдай филиалының директоры: «Күздегі санақта бізде 154 елік тіркелген болатын. Наурыз айының басында бір ғана Қостұрадан орманшылар 34 елік көрген. Ол жөнінде сурет те түсірілген. Бас мекеменің филиалдағы қызметкерлердің, мемлекеттік инспекторлардың көмегімен аң көбейіп жатыр. Арқар, елік ататын браконьерлер 3 жыл бұрын ұсталған еді. Бүгінде ондай жоқ. Браконьерлер қолға түскен жағдайда шығынды өтетіп, 150 АЕК бойынша айыппұл салынады әрі қылмысты жауапкершілікке тартылады.»

Орманшылар бүгінде парк аумағындағы аң-құсты қамқорлыққа алып, басын көбейтуді қолға алған. Еліктерге арнап, астаулар жасайды. Жем-шөп шашып, азығын дайындайды. Осылайша қысы қатал өңірде аңдардың өсіміне ықпал етуде. Былтыр 500 келі жем, 3 тонна шөп жиналып, 600 келі тұз берілген. Соның нәтижесінде түз тағылар қыстан қиналмай шықты дейді орманшылар.

Гүлжан Көшерова