Боралдайдың бойында әлемдегі сирек ағаш өседі

1127
Боралдайдың бойында әлемдегі сирек ағаштар өседі

Әлемде өте сирек кездесетін ғажайып ағаш күнгейде де өседі. Өкінішке қарай, оны көбейтіп, қажетті салаға жарату жағы бізде ақсап тұр. Шаған ағашы Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің Боралдай филиалының аумағында ғана өседі. Яғни, еліміз бойынша тек біздің облыста ғана бар.

Боралдайдың бойында әлемдегі сирек ағаштар өседі

«Өзенсүйгіш шаған» деген ағаш, суды жақсы көреді. Басқа жерде өспейді, дейді орманшылар. Оның үстіне бұл ағаш «Қызыл кітапқа» енгізілген.

Шымыралы Жолдасов, Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің Боралдай филиалының қызметкері: «Шаған — өте пайдалы ағаш. Өзен бойында ғана өседі. Ерекше қорғауға алынған. Парк аумағынан кесіп әкету мүмкін емес. Орман шаруашылығында 15 инспектор, 4 орман шебері бар. Парк аумағынан шығатын бір-ақ жол бар, бақылау бекеті бар. Кескен жағдайда айыппұлы өте жоғары. 10 айлық есептік көрсеткіштен жоғары айыппұл салынады.»

Шағанның қатты әрі серпімді сүрегі кеме, теміржол вагонын жасауда таптырмайды екен. Ұшақ жасау өнеркәсібінде және ағаш бұйымдарын жасауда да қолданылады. Еуропа шағанынан, тіпті, тәтті шырын алынады екен. Ал қытай шағаны ақ балауыз бөліп шығарады, сондықтан оны шырақ жасау және медицинада, парфюмерия өндірісінде, тоқыма өнеркәсібінде пайдалану үшін өсіреді. Өте жоғары техникалық қасиеттерге ие бұл ағаш паркет жасау саласында да таптырмайтынға ұқсайды. Алайда елімізде оны өндіріске пайдалану әлі қолға алынбаған. Ол іске асқанша, әлі талай жыл өтері анық…

Боралдайдың бойында әлемдегі сирек ағаштар өседі

Табиғи парк аумағында арнайы тұқымбақ та бар. Мұнда көшеттерді көбейтіп, сатумен айналысады. Бүгінде мұнда қарағаш, арша, бозарша, жиде, үйеңкі, сиверс алмасы, емен өсірілуде. Тұқымбақтың жалпы көлемі 36 255 гектарды құрайды. Қазір 100 мыңдай көшет дайын тұр. Оларды алғысы келетін мекемелерден тапсырыс та көп, дейді тұқымбақ мамандары. Ашылғанына үш жылдай уақыт болған бұл бақтың жұмысы жемісті деуге болады.

Боралдайдың бойында әлемдегі сирек ағаштар өседі

Дүйсенбек Қыдыралиев, Боралдай филиалы директорының орынбасары: «Боралдай филиалының тұқымбағында облыс әкімінің хаттамасына сай жуырда 1 гектар жерге бау егілді. Жартысы — қара өрік, жартысы алма ағашы. Болашақта тұқымбақта көшетті көбейтсек деген ниеттеміз.»

Жергілікті көшет болған соң тез бейімделіп, тез өседі. Шығын жоқ, ағын сумен суғарылады. Шетелдерден тасымалданып жатқан, шырша, аршалардың жерсінбей тез қурап кететінін көріп жүрміз. Оның орнына жергілікті көшет Боралдайдың бозаршаларын отырғызған әлдеқайда тиімді екені рас. Әрі арзан, әрі тез өнгіш.

Гүлжан Көшерова