Алдағы мамыр мейрамдарына дайындық жұмыстары басталып кетті. Облыс орталығындағы демалыс аумақтарында жөндеу жұмыстары қарқын алған. Солардың бірі Тәуелсіздік саябағында егемендігіміздің нышаны кешені жаңартылып жатса, Абай саябағында Даңқ мемориалында да жөндеу жұмыстары қызу жүргізілуде.
Бұл гранитті плиталар 2010 жылы қаланған болатын. Алайда тозығы жетпей жатып жаңаланған тақташалар енді желіммен емес, талапқа сәйкес жапсырылады екен. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Ұлы Жеңістің 65 жылдығына бой көтерген кешенде 7 жылда түсіп қалған әріптер, бес жұлдыз сынған плиталар алмастырылған еді. Қала бюджеті толықты ма, әйтеуір, кешеннің артқы бетіне де гранитті плиталар жапсырылмақ. Мердігер мемориалдағы жұмысты 7 мамырға дейін аяқтауы тиіс.
Мемориал өзара бір композицияға жиналған ескерткіштерден тұрады. Көп жылдар бұрын салынған және толығымен жөнделген өткен мәңгілік алау ескерткішінен басталады. Ары қарай композицияны 140 000-нан астам есім жазылған жан-жағындағы тақтайшалардың көлемі 200 метр болатын Даңқ аллеясы жалғастырады. Мұнда Оңтүстіктен майданға кеткен барлық жауынгердің есімі тасқа қашап жазылған. Сол боздақтардың тең жартысы Ұлы Отан соғысынан қайтып оралмады. Бұл идеяны сол кездегі облыс әкімі Асқар Мырзахметов ұсынғанда облыстың барлық кәсіпкерлері қолдап, жалпы құны 220 млн теңге болған ескерткіштің құрылысына ақша бөлген еді.
Айта кететін жәйт, қалалық ардагерлер кеңесінің берген мәліметіне сүйенсек, бұйырса, Шымкентте 120 соғыс ардагері Жеңістің 72-көктемін қарсы алады. Ал бұл тұста біздің тілегіміз бір — бейбіт өмір силаған батыр аталарымыз бен аналарымыз аман болсын!