Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Шымкент қаласына арнайы келген еліміздің танымал дəрігер-ғалымдарын қабылдады. Бұл топтың арасында Қазақстанның бас урологы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығының бас директоры М. Алшынбав, Қазақстанның профилактикалық медицина академиясының академигі М.Зельцер, кардиология және ішкі ауруларын ғылыми зерттеу институтының директоры, профессор С.Беркінбаев, салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері жөніндегі ұлттық орталық директоры Ж.Баттақова бар.
Білікті дәрігерлердің Оңтүстікке жасаған іс-сапарының негізгі мақсаты — республикадағы ер-азаматтардың денсаулығының қазіргі жағдайын баяндау, урологиялық ауруларды ерте кезеңде алдын алу және халықтың өз денсаулығына қатысты мәдениетін қалыптастыру. Сондай-ақ, жергілікті дəрігерлермен тəжірибе бөлісіп, біліктілігін көтеру.
— Бүгінде халық денсаулығы медициналық проблема шеңберінен шығып, мемлекет пен жеке тұлғаның ықпал етуін талап етіп отырған әлеуметтік мәселеге айналды. Түрлі аурулардың белең алуына жергілікті ақ халаттылар да бей-жай қарап отырған жоқ. Дегенмен, өздеріңіздей білікті мамандармен тәжірибе алмасып шеберліктерін шыңдап жатқаны қуантарлық жайт, — деді Жансейіт Қансейітұлы.
Тәжірибелі дәрігерлер ерлер денсаулығы жайында Шымкентте шеберлік сыныптарын өткізіп жатқандарын жеткізді. Білгенімен бөліскен ақ халаттылар қазіргі таңда ерлер арасында простатит, жыныс безінің зарарсыз гиперплазиясы, эректильдік дисфункция, жүрек-қан тамырлар жүйесінің аурулары көп кездеседі дейді.
Өкінішке қарай, отбасын құрған әр бесінші ер-азамат белсіздікке ұшырайды екен. Әйелдерге қарағанда ер азаматтар дәрігерге 3 есе сирек қаралады. Осыған байланысты аурудың ерте сатысында қаралмай, асқындырып алады. Нәзік жандылармен салыстырғанда еркектер жүректің ишемиялық ауруына 3 есе жиі ұшырайды және қан диабетімен 6 есе көп ауырады. Соңғы 5 жылда еркек безі обырының кесірінен өлім-жітім көрсеткіші сүт безі обырының кесірінен болатын өлім-жітім көрсеткішімен салыстырғанда екі есеге артқан.
Сондай-ақ, кездесуде Алматы қаласынан келген профессорлар жергілікті мамандармен бірігіп жағдайы ауыр бірнеше науқасқа жаңа технологияның көмегімен сәтті ота жасағандарын баяндады. Осы ретте бұл дәрігерлер облыстық клиникалық аурухана мамандарының біліктілігін жоғары бағалап отыр.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі