«Еркектердің 16 пайызы белсіз»

556

«Әйелдер біздің ақшамызға маникюр, педикюр жасайды. Шашын сәндейді. Ауырып қалса, дәрігерге қаралады. Гинекологқа барып тұрады. Ал еркектер ауырса, моншаға барады да 100 грамм арақ ішіп алып, жатады. Урологқа өлсе де бармайды. Еркектер өзіне қарауды әйелдерден үйренуі қажет».

Бұл еліміздің бас урологы Мырзакерім Алшынбаевтың облыстық клиникалық ауруханада өткен «Ер азаматтардың денсаулығы мектебі» жобасы аясындағы кездесуде айтқан сөзі. Әзіл-шыны аралас болғанымен ақиқаты ащы. Себебі, Қазақстандағы еркектердің денсаулығы сын көтермейді. 16 пайызы белсіздікке шалдыққан. Бас уролог «көршілес елдермен салыстырғанда қазақ халқының саны көбеймей жатыр», — деп дабыл қақты.

– 90-жылдары еркектер денсаулығын ойламақ түгілі нан табуға жағдайлары болған жоқ. Экономикалық қиындық жас жігіттердің өзін айналып өтпеді. Сол кездегі, мәселен, қабынудың салдарын бүгін көріп жатырмыз. Белсіздікке алып келді. Төрт жағдай белсіздікке шалдығуға себеп болуда. 10 пайыз — сапа-сыз медициналық көмектен, 10 пайыз – тұқымқуалаушылық, 15 пайыз — өз-өзіне дұрыс қарамау, қоршаған ортаның кері әсері – 50 пайызды құрап отыр. Ер азаматтар өз денсаулығына немқұрайлы қарауды жалғастырса, кең-байтақ қазақ даласына ие болатын ұрпақ мәселесі қиын», — деді Мырзакерім Алшынбаев.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, еркектер әйелдерге қарағанда 10 жыл аз өмір сүреді. Әлем бойынша жыл сайын 25 мың еркек өз-өзіне қол жұмсап, көз жұмады. Қант диабеті, қатерлі ісік және жүректің ишемиялық ауруларымен де ауыратын ерлер көп. Еңбекке жарамды азаматтар арасында созылмалы простатит, қуық асты безінің зиянсыз гиперплазиясы, эректильді бұзылыс әлеуметтік мәселе айналған.

«Ер азаматтардың денсаулығы мектебі» тел: 53-78-99

Дайындаған: Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ