Кентаудан «кітап керуені» келді

727

Күнгейде «Кітап керуені» жалғасып жатыр. Таяуда облысымыздың бас кітапханасы – «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасы Кентау қаласынан келген «кітап көшін» күтіп алды. Жүздеген көркем әдебиет пен салалық оқулықтар жеткізілді. Салтанатты шараға аталған ауданның зиялы қауым өкілдері де арнайы шақырылып, игі бастамаға жұмыла атсалысты.


Гүлнәр Кокулова, Кентау қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры: «Біздің кітапқорымыз – 276 913. Соның 200-ін әкеп отырмыз, арнайы көрмеге де ұсындық. Ақын-жазушыларымыз бен өзге де қаланың мақтаныштарына айналған жинақтарды қазір халыққа көрсетіп, таныстыруға мүмкіндік алдық. Сый-таралғы ретінде табысталды».

 

Кеншілер қаласындағы қызметін бастағанына 58 жылдың жүзі болған кітапханада қазір 21 маман жұмыс жасайды. Еңбеккерлер ауыл-аймақты аралап, кітап жинап тұратындарын алға тартады. Айта кетейік, өңірімізде “Кітап керуені” акциясы биыл қаңтар айынан бастау алған. Облыстық “Отырар” ғылыми-әмбебап кітапханасы басшылығының айтуынша, тың жобаның көксегені – мәдени ошақтағы кітапқорын арттыру. Бірнеше айдың ішінде дәл осы бастама арқылы мұндағы оқулықтар саны 374 мыңнан асып отыр.