Күнгейдің бас кітапханасында Б. Тұрғараевтың құрметіне бұрыш ашылды

781

Бүгін күнгейдің бас кітапханасының қоры – 150 кітапқа артты. Дәлірегі, «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасының төрінде заңгер, қоғам қайраткері, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері – Бекет Тұрғараевтың құрметіне тарихи-тағылымды бұрыш ашылды.Онда халықтың мәдени мұрасы жолында жылдар бойы еңбек еткен ердің бірқатар тарихи туындылары мен зерттеу-жұмыстары қойылған. Сондай-ақ, заң саласында жазған ауқымы жинақтары да жасақталыпты.
Талай тұлғаның болмыс-бітімін, мүсін-бейнесін танытуда толағай жұмыстарды атқарған ол бұл бұрышқа өзінің ғана емес, қазақ қаламгерлері – алаш арыстарының қолжазба-шығармаларын да топтастырып, ұсынып отыр.
Ал осынау игі шараға келіп, тарихи сәттің куәгері болуға асыққан жерлестеріміздің де қарасы қалың болды. Зиялы қауым өкілдері мен жергілікті қаламгерлер, шежірешілер де арнайы бұрылды. Бүгінгі жиынның қоғамдағы мәні мен мазмұнын айтып, кітапхана ұжымына алғысын білдірді.