Күнгейге Отырар ауданынан «кітап керуені» келді

826

Күнгейде «Кітап керуені» акциясы жалғасып жатыр. Облысымыздың бас кітапханасы – «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасы Отырар ауданынан келген «кітап көшін» күтіп алды. Жүздеген көркем әдебиет пен салалық оқулықтар жеткізілді.

Бір ауданның ғана емес, бүтін бір халықтың ақыны Әселхан Қалыбекова бастаған топ алдымен кітаптың атын айтып, құнын қаузады. Ал киелі өлке – Отырардан том-том жинақтарды әдеттегідей кітапханашы мамандар ғана емес, оқырмандар мен зиялы қауым өкілдері әкелген. Бұл жолы «кітаптың керуенін» ауданның әкімі Ерлан Айтахановтың өзі бастап келді.

Ерлан Айтаханов, Отырар ауданының әкімі: «Былтырдан бері ауданда «Өнер» бірлестігі жұмыс жасайды. Жасағында Ел ағалары, ақындар мен аға буын және жастолқын жазушы-қаламгерлер, талантты адамдар бар. Зиялы қауым өкілдері де жұмылдырылған. Бірлестіктің мүшелері  әр басқосуда шығармашылықты топтастырып, кітапқа жинақтаймыз. Бүгінге дейін 5-6 кітап жарық көрді. Сол жинақтардың әрқайсысын оқырмандар үшін, осы бас кітапханаға сыйға тартып келеміз».

Ал осыдан 68 жыл бұрын қызметін бастаған аудандық кітапханалар жүйесінің қорында қазір барлығы 278 мыңға жуық оқулық бар екен. Мақсатты игі жоба аясында мәдени ошаққа соның 200 данасы жеткізілді.

Айнагүл Рыскелді, Отырар аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры: «Оңтүстікте ең алғаш ашылған мұражай біздің ауданда. Ол – «Руханият» деп аталады. Сондай-ақ, бізде 1930 жылдары мұсылман кітапханасы болған. Сол кезеңдерден қалған көне кітаптар ел арасынан жинақталды. Қазынамызды қазір әкеліп отырмыз».

Күлия Айдарбекова, «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры: «Жыл басынан бері 1000-нан астам кіттаппен толықтық. Әр ауданнан жүздеген кітап жеткізілді. Сосын мәдени ошаққа оқулықтарды тұрғындардың өздері әкеліп тапсыратын жағдайлары бар. Демеушілермен де жұмыс жасаудамыз. Жылына кітапқоры үшін бюджеттен 5 миллион теңге қаржы қаралады. Бірақ тиісті теңгеге қажетті кітаптарды толығымен ала алмаймыз ғой, сондықтан «Кітап керуені» жобасы бізге ауадай қажет».

Айта кетейік, өңірімізде “Кітап керуені” акциясы биыл қаңтар айынан бастау алған. Облыстық “Отырар” ғылыми-әмбебап кітапханасы басшылығының айтуынша, тың жобаның көксегені – мәдени ошақтағы кітапқорын арттыру. Бірнеше айдың ішінде дәл осы бастама арқылы мұндағы оқулықтар саны 367 мыңнан асып отыр.