Мәртөбеліктер мектептің жерін кері қайтарып алды

532
Мәртөбеліктер мектептің жерін кері қайтарып алды

Ауыл тұрғындары мен ардагер ұстаздар Мәртөбе елдімекеніндегі № 27 мектептің жер телімінің қолды болған бір бөлігін қайтарып алды. Бүкіл ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған ұстаздар мектеп жерінің талан-таражға түскенін ести сала шұғыл әрекет жасағандарын айтады. Оларға ауыл биі үлкен қолдау көрсетті.

№ 27 орта мектеп ауласының бірден 1500 шаршы метрге кеміп қалғанын ауыл тұрғындары мен ардагер ұстаздар мектепке салынған қосымша ғимаратты қоршау кезінде бір-ақ біліпті. Анық болғаны, сол кездегі Қарасу ауыл округінің әкімі Тұрсын Әбдірайымов мектеп жерінің бір бөлігін 48 жылға жалға, ал екінші бөлігін коммерциялық нысан салуға екі азаматқа рәсімдеп берген. 40 жыл бала оқытқан мұғалімдер бұл жерге 1985 жылы бейбітшілік саябағын салғанын айтып, көздеріне жас та алды.

Мәртөбеліктер мектептің жерін кері қайтарып алды

Валентина Лапшина, ардагер-ұстаз: «Біз бұл жерде мектеп оқушылары, соғыс ардагерлері және тыл еңбеккерлерімен бірлесіп, 1985 жылы бейбітшілік саябағын құрған едік. Сол кездегі оқушылардың қуанышы әлі көз алдымызда. Біз қартайдық, ең болмаса еткен еңбегімізді сыйлау керек шығар? Жерді бергендер жазаға тартылып, оны иемденген азаматтар балаларға жерлерін қайтарсын. Талабымыз осы.»

Бүгінгі таңда бұл мектеп жерінің қалған аумағы 2 гектар 43 соттықты құрайды. Өкініштісі сол — мектеп басшылығы жер телімінің біраз бөлігін пысықайлар рәсімдеп алғанын біле тұра дабыл қақпаған. Мәселеге ауыл биі араласып, тиісті мекеме мамандарын жинады. Ел ертеңі — балғындардан тартып алынған жер қайтарылсын деген үзілді-кесілді талап қойды.

Оразәлі Кенжебеков, ауыл биі: «Жерді қалай алғандарыңызды біз жақсы білеміз, бәрі заңсыз. Сол себепті ауыл халқы бір шаршы метр жер де бермейміз.»

Өз әрекетерінің заңға қайшы екенін мектеп жерін иеленгендер жақсы біліп жүрген. Он жылдан астам уақыт үн-түнсіз жатқан, ешқандай құрылыс жүргізбеген. Ал бүгінгі айқайдан кейін кезінде алған жер телімін өз еріктерімен кері қайтаруға келісті.

Міне, осылайша ауыл биі мен ардагер ұстаздары Қаратау ауданы әкімдігінің мамандары мен «Сен тимесең, мен тименді» жалау еткен мектеп директорына үлгі көрсетті.

Нұрлан Жаңабай