Еңбек нарығына сай мамандар даярлауды жұмыс беруші мекемелермен бірге жүргізу керек. Сонда ғана жас мамандарды жұмыспен қамту мәселесі шешіледі. Осындай тоқтамға келген Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтикалық академиясының ұжымы облысымыздағы медициналық мекемелердің жетекшілерімен және фармацевтика қауымдастығы өкілдерімен дөңгелек үстел өткізді.
Сапалы медициналық кадр дайындау мен жас мамандарды жұмыспен қамту. Кезек күттірмейтін осынау ортақ мәселені Оңтүстіктегі фармацевтикалық академияның басшылары мен қалалық медициналық мекеме өкілдері біріге шешуге кірісті. Оқу ордасының ұжымы дөңгелек үстел кезінде айтылған тың ойлар мен тиімді ұсыныстардың тыңдап, тіпті оны оқу бағдарламасына енгізуге де дайын.
Досыбаев Бахытжан, интернатура және жұмыспен қамту бөлімінің басшысы: «Білім мен ғылымды бойына сіңірген, еңбек нарығына машықтанған маман даярлау оңай емес. Сондықтан біз мұны жұмыс беруші мекемелермен бірге атқармақпыз. Жыл сайын өткізілетін дөңгелек үстел өткіземіз, тұрлі мәселелер талқылануда. Енжді нақты шешім қабылдамақпыз. Бүгінгі жиынның нәтижесіндже резолюция қабылданады. Ал қорытындысына сай ол ұсыныстарды мектеп бағдарламасына енгізуге де мүмкіндігіміз бар.»
Дөңгелек үстел кезінде жұмыс беруші тарап болашақ мамандарға қатысты талап-тілектерін жеткізді. Фармацевтикалық қауымдастық жетекшілері бұған дейін фармация саласында ұсыныстар берсе, енді білім, жұмысқа орналасу бағыттары бойынша нақты бағдарлама ұсынды. Айтуыларынша, бүгінгі студент, ертеңгі жас маманның жұмыссыз қалмауы үшін оқу аяқталмай тұрып-ақ жекелеген медициналық мекемелерде тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беру керек.
Айжанова Хадиша, ОҚО «Даму» фармацевтикалық және медициналық мекемелер қауымдастығының директоры: «Оқу ордасы өзге аймақтардағы әкімдік өкілдерімен тығыз жұмыс жасауы керек. Бұл түлектерге өзге облыстарда да жұмыс табуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар мамандарды әскери қызметке тартсақ. Арнайы дипломы бар, маманданған жастар әскери бөлімдерде, шекаралар мен су теңіз әскерлерінде жұмыс жасай алады және әлеуметтік көмек, яғни баспанамен қамтамасыз етілер еді. Тағы бір ұсынысымыз, жекеменшік емдеу мекемелері жас мамандарды 4-5-курстан бастап өз қарамағына алып, тәжірибе жинақтап, машықтануы үшін ықпал жасаса.»
Оңтүстіктегі мемлекеттік фармацевтикалық академия қай кезде де клиникалық білім алуда студенттерге жағдай жасауды бірінші кезекке қояды. Денсаулық сақтау жүйелерімен кадр дайындаудағы іскерлік қарым-қатынас дамытуды да нығайтпақ. Өйткені біліммен қаруланған жас мамандар қашан да сұранысқа ие. Ал екі тарап аталған ұсыныстарды жүзеге асыру тек жұмыссыздықтың алдын алып қана қоймай, медициналық қызмет көрсетудің де сапасын арттырар еді деп тарасты.