Оңтүстікте «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының қатысушылары қазір нәпақасын тауып жеп жүр. Сайрам және Төле би аудандарына жасалған өңір тілшілерінің баспасөз сапары кезінде әріптестер осы бағыттағы атқарылған жұмыстармен танысты.
Динара Сұлтанқұлова таңертеңнен кешке дейінгі уақытын балаларға сарп етеді. Бүлдіршіндер тәрбиесімен айналысатын оның дипломды болғанына биыл 2-жыл. Осыған дейін екі қолға бір күрек таппай қиналған сайрамдық тұрғын бағдарлама тетігін тиімді пайдаланып, тұрақты жұмысқа орналасты.
Ал Талғат Тұрғымбеков ет бағытындағы малды баптауда. Бағдарлама қатысушысы жеңілдетілген несие алып, отбасылық бизнесін қолға алған. Бүгінде 14 қара малдың басын құрап, айына 2 жарым мың тонна ет өткізеді.
Айта кетейік, былтыр Төле би ауданында 137 тұрғын осындай мүмкіндікті пайдаланып, түрлі бағытта кәсіп ашқан. Жауаптылар бағдарламада биыл бизнеске басымдылық беріліп отырғанын айтады. Айлайда, бұл жеңілдік биылдан бастап алдымен табыс көзін жіті меңгеріп алған азаматтарға ғана тиесілі болмақ.
Айта кетейік, бүгінде Сайрам ауданында 600-ге тарта жұмыссыз тіркелген. Алайда, бос жұмыс орындары да аз емес. Жергілікті медициналық мекемелерде маман тапшы. Шағын және орта бизнес саласы да кадр жетіспеушілігін сезінуде дейді жауаптылар. Осыған орай жұмыспен қамту саласының өкілдері бағдарлама аясында жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамтудың қамына кірісіп кеткен.
Мақпал Рысбаева