Оңтүстікте академик Мардан Сапарбаевты еске алуға арналған халықаралық турнир өтті

Оңтүстікте академик Мардан Сапарбаевты еске алуға арналған халықаралық турнир өтті. Бұл жарыс биыл 24-жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. 7 елдің палуандары екі күн бойына ептілерді анықтады.

Орталық Азияда мықтылардың додасы деп аталатын байрақты сынаққа қатысуға Әлем, Азия чемпиондары жиналады. Олардың арасында құрлық жүлдегері Асхат Жаңбыров та бар.

Жерлесіміз алғашқы жекпе-жегінен бастап өзгелерден мықты екенін аңғартты. Оның үстіне ол биыл салмағын жаңартқан. Бұл жолы Асхат 71 келіде күресті. Нәтижесінде Оңтүстік қоржынына алғашқы алтын медальды салды.

Ал 96 келідегі спортшылар арасында Әлімхан Сыздықов қарсыластарынан басым болды. Бұл қос палуан да Олимпиада ойындарының жолдамасына үміткер. Бұл жарыс жерлестеріміздің ұлттық құрамаға лайықты спортшы екенін тағы да аңғартты.

Сарбиназ Алдабергенова