Шымкентте ҰБТ тапсыру үшін құжат қабылдау басталды

Оңтүстік Қазақстан облысында биыл 23 760 оқушы ұлттық бірыңғай тест тапсырады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Раушан Ергашова мәлім етті.

Оңтүстікте мектеп бітірушілердің 71 пайызы ҰБТ тапсырады
Раушан Ергашова

Спикердің айтуынша, ҰБТ облыста 16 жерде өткізіледі. Олардың төртеуі жоғары оқу орындарының базасында, үшеуі аудан орталықтарындағы колледждерде, тоғызы жалпы орта мектептердің базасында орналасқан. Әрбір ҰБТ өткізу пункттерінде 11-ден 14-ке дейін аудитория даярланып, олар ұялы телефон байланысын тұншықтырғыш 237 құрылғымен жабдықталып отыр.

— Биыл министрліктің тапсырмасына сәйкес 91 жаңа үлгідегі 4G жиіліктегі тұншықтырғыштарды алуға жергілікті бюджеттен қаржы қаралып, сатып алынуда. Сонымен қатар тестілеу пунктерінде қаңқалы 26 метал іздегіш, 226 салқындатқыш, тестілеу кезінде бейнежазба жүргізу мақсатында 42 бейне тіркегіш орналастырылды, — деді спикер.

Қазіргі таңда 33112 мектеп бітірушінің 23760-ы, яғни 71,8 пайызы ҰБТ тапсырады деп күтілуде. ҰБТ-ға өтініш 10 наурыздан 10 мамырға дейін қабылданады.

ҰБТ тапсыруға ниет білдірген мектеп бітірушілері ҰБТ-ның жаңа форматына дайындалу мақсатында алдын-ала байқау тестеріне қатыстырылуда. Наурыз айында алынған байқау тестерінің орта балы 75,2 балды құрап отыр.

Сондай-ақ ҰБТ тапсыратын 23760 бітірушінің 13585-і тасымалдауды, 12443-і тамақтануды, 1825 оқушы жатын орынды қажет етеді. Бүгінгі таңда жергілікті бюджеттен бітірушілерді тестілеу үшін қажетті қаражат бөлініп, ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Облысымыздағы 1429 түлек алтын белгіге, 852 бітіруші үздік аттестатқа, 9-сыныпты бітірушілердің 3568-і үздік куәлік алудан үмітті.

Бұдан бөлек, биыл алтын белгі иегерлері мектептердегі мемлекеттік бітіру емтихандарының қорытындысымен мектеп директорының бұйрығымен бекітілетін болады.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі