Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Ұлт көшбасшысы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті қорының өкілдерімен кездесті. Басқосуда талантты жастарды қолдау мен өңірдегі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру жайы талқыланды.
Мәртебелі қонақтардың өңірімізге арнайы іс-сапармен келуіне алғысын білдірген аймақ басшысы Ұлт көшбасшысы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті қорының еліміздегі басты қор екенін айтты.
— Мемлекет басшысының бар ғұмыры – баршамыз үшін, әсіресе, жастарға үлгі. Оңтүстік Қазақстан облысындағы 3 млн-ға жуық халықтың 800 мыңға жақыны жастар десек, еліміз үшін бұл үлкен сан. Сондықтан, өңірімізде осы сынды шараларды өткізіп отыру маңызды. Осы ретте мұндай басқосуды Қазақстан халықтары ассамблеясы мен жастар ресурстық орталығының ғимаратында ресми емес форматта жиірек өткізуді ұсынамын, — деді Ж.Түймебаев.
Айта кету керек, бүгінгі екі жақты кездесу «Тұңғыш Президент – Елбасы қорының күндері» жобасының шеңберінде ұйымдастырылды. Қор өкілдері Қазақстанның түрлі өңірлерінде облыс активімен және жоғары оқу орындарының жастарымен тұрақты кездесу өткізіп келеді. Елбасы қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаевтың айтуынша, бүгінгі таңда қор ұжымы көптеген шараларды атқаруда.
— Өзінің бағдарламалық мақаласында мемлекет басшысы бүгінде ұлттық сана-сезімімізді өзгерту маңызды екеніне тоқталды. Яғни, түсінік-пайымды өзгертпей, біз алға қарай жылжып, дами алмаймыз. Сондықтан, Президенттің осындай соны ойларды жастардың санасына сіңіруіміз қажет. Жастарымыздың біздер ұйымдастырған жобалар мен байқауларға қатысып, гранттар мен шәкіртақыларды жеңіп алғанын қалаймыз. Еліміздің болашақтары – жастардың шығармашылық әлеуетін арттыратын осынау бірлескен жұмыстарды атқаруда үлкен жетістіктерге жететінімізге сенімдімін, — деді Қ.Жұмабаев.
Іс-сапар соңы Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда шығармашыл жастарға арналған шеберлік сабақтарымен аяқталатын болады.
Еске сала өтейік, Ұлт көшбасшысы – Тұңғыш Президент қорының қызметі Елбасының идеялары мен саясатын іске асыруға, жастардың шығармашылық және интеллектуалдық потенциалын ашуға және іске асыруға қолдау көрсетуге, қайырымдылық қызметі және сараптау-талдау орталығын дамытуға бағытталған. 2017 жылы қор ұжымы 80-нен астам іс-шара өткізуді жоспарлап отыр.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі