ОҚО әкімі Германияның бас консулына Оңтүстіктен неміс көліктері зауытының филиалын ашуды ұсынды

333
Оңтүстікке Германияның бас консулы келді

Оңтүстік Қазақстан облысына өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерімен танысуға Германия Федеративті Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Йорн Розенберг бастаған германиялық делегаттар келді.

Шымкент қаласына жасаған екі күндік жұмыс сапарында германиялық кәсіпкерлер ОҚО кәсіпкерлік палатасында, «Ontustik» туристік-ақпараттық орталығында және «Тассай», «Оңтүстік» индустриалды аймағы мен арнайы экономикалық аймақта орналасқан кәсіпорындарда болып, ондағы жұмыспен танысты.

Делегаттар құрамында Орта Азиядағы Германияның экономикалық өкілдігінің орынбасары Г.Жүнісәлиева, «Robert Bosch» ЖШС директоры В.Коломыцын, «SEW-EURODRIVE» компаниясының өкілі мен «Виртген Қазақстан» кәсіпорынның бас директоры А.Елгонов бар.

Қазақстан мен Германия арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық қарым-қатынас жоғары. Германия Еуропалық одақта Қазақстанның басты серіктесі болып табылады. Ал Оңтүстік Қазақстанда бүгінде германиялық кәсіпкерлердің қатысуымен инвестиция көлемі 52 млрд теңге болатын 3 жоба жүзеге асырылуда.

Екі елдің экономикасының әр түрлі саласында ынтымақтастық орнату мен дамыту мәселелерін талқылау мақсатында өңірге келген мәртебелі меймандармен облыс әкімі Ж.Түймебаев кездесті.

— Бүгінде мемлекет шетел инвесторларына көптеген мүмкіндіктерді қарастырып отыр. Ал ауыл шаруашылығы мен шағын кәсіпкерлік саласы жолға қойылған Оңтүстік Қазақстан инвестиция салуға қолайлы өңір болып табылады. Екі жақтың ынтымақтастығын арттыру, қазақ-неміс кәсіпкерлері тәжірибе алмасып, серіктес болуға мүмкіндік тудыратын бизнес-форум өткізу қажет. Германияның түрлі салада тәжірибесі мол екенін ескере отырып, белсенді байланыс орнатуға ниеттіміз,- деді Ж.Түймебаев.

Сонымен қатар әкім Германияның бас консулына Түркия еліндегідей немістің екі автошина шығаратын зауыты мен «Merсedes» маркалы ауыр жүк көлігін шығаратын машина құрастыратын зауытының филиалын Оңтүстік өңірінде де ашуды ұсынды.

Оңтүстікке Германияның бас консулы келді

Бас консул өз кезегінде неміс компаниялары Оңтүстік Қазақстан облысын дамытуға арналған әртүрлі жобаларға қатысуға дайын екенін айтып, екі ел арасындағы ынтымақтастық берік, әрі сенімді әріптес екенін жеткізді.

— Сапар барысында неміс кәсіпкерлерін көптеп тарту үшін оларға қызықты болып табылатын өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін таразылау мақсатында индустриалды аймақтардың жұмысымен таныстым. Оңтүстік Қазақстан облысы мен оның орталығы Шымкент қаласы Германия үшін Қазақстанның басқа облыстарымен салыстырғанда маңызды өңір болып табылады. Себебі, күнгей аймақ халқының тығыз қоныстанғанымен ғана емес, экономикалық жағынан өте дамыған аймақтардың бірі болып табылады. Бұдан бөлек Қазақстан мен Германия осы жылы қос ел арасындағы дипломатиялық қатынастың орнатылғанына 25 жыл толуын атап өтпек. Сондықтан, Қазақстан сауда-экономикалық жағынан Германияның Орта Азиядағы сенімді стратегиялық серіктесі болып табылатынын айта өткім келеді, — деді Йорн Розенберг.

Тараптар барлық қызығушылық танытатын мәселелер бойынша тұрақты ақпаратпен алмасу және ауыл шаруашылығы саласындағы екіжақты ынтымақтастықты барынша арттыру туралы уағдаласты.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі